Өткен жылға өкпе жоқ

Нұр мешітінде бір жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу

Жыл өтті. Бірақ айтылар сөз, ойланар мәселе, түйінделер тағылым азайған жоқ.

2025 жыл – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болып жарияланған ерекше кезеңдердің бірі болды. Бұл – қағаз жүзіндегі атау ғана емес, қоғамның ең өзекті тұсы – отбасы, тәрбие, жауапкершілік туралы терең ойлануға шақырған жыл еді. Осы бастаманың Рудный қаласында қалай жүзеге асқаны, нендей нәтиже бергені – көпшілік үшін маңызды. Себебі дін – мінберде айтылып қана қоймай, халықтың күнделікті өмірінде көрінуі тиіс құндылық.

Осы ретте біз «Нұр» мешітінің бас имамы – Серік Рахыммен сұхбаттасып, 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы бағыттар жөнінде әңгімелестік.

Имамның айтуынша, 2025 жылы Рудный қаласы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан және облыстық мешіттен келген барлық талаптар мен тапсырмалар жүйелі түрде орындалып отырған.

Жыл бойы мешіт қабырғасында ғана емес, қала көлемінде дін мен дәстүр сабақтастығы, жат ағымдардың алдын алу, ақпараттық-ағарту, қоғаммен байланыс, отбасы және бала тәрбиесі тақырыптарында көптеген кездесулер мен уағыз-насихаттар өткізілген. Бұл кездесулердің басым бөлігі нақты аудиторияға бағытталып, жастармен, ата-аналармен, түрлі мекемелермен тікелей жүздесу форматында өткен.

Сұхбат барысында қоғамда жиі айтылатын, бірақ ашық талқылана бермейтін сын-пікірлер де назардан тыс қалмады. Әсіресе, дін ұстанған жастарға қатысты қалыптасқан үстірт көзқарастар, сыртқы келбетке қарап үкім шығару, ұлттық дәстүрлерді жоққа шығару секілді мәселелер имамды алаңдататынын жасырмады.

«Өкінішке қарай, кейбіреулер дінді тек намаз, ораза, киім, сақал немесе жайнамаз деңгейінде ғана түсінеді. Бұл – діннің сыртқы көрінісі ғана. Ал діннің өзегі – әдеп, мәдениет, мінез-құлық. Абай атамыз айтқан «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиет – бүгінгі қоғамға да, қазіргі жасқа да тікелей қатысты

Жамағатқа үнемі қоғаммен үйлесімді өмір сүруді, өзгеге зиян келтірмеуді, ата-анаға құрмет көрсетуді, көрші ақысына немқұрайлы қарамауды насихаттайттаймыз. Өйткені шынайы дін – адамды оқшауламайды, керісінше, қоғамға пайдалы етеді. Отбасы – тәрбиенің алғашқы ордасы», – дейді ол.

2025 жылы Рудный қаласынан бірнеше азамат умра қажылығын өтеп келді. Осыған байланысты мешітте арнайы семинарлар ұйымдастырылып, қажылықтың мәні мен әдебі кеңінен түсіндірілген.

Сол сияқты Рамазан айына дайындық, үш қасиетті айдың басталуы, Миғраж түні секілді маңызды діни кезеңдерге байланысты жамағатқа тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Нұр мешітінде жыл бойы сауат ашу курстары жұмыс істейді. Сенбі күндері мектеп жасындағы балаларға, ал апта ішінде ересектерге арналған арнайы сабақтар өткізіледі. Жаз мезгілінде имани жазғы курс ұйымдастырылып, жастардың бос уақытын пайдалы іспен өткізуіне мүмкіндік жасалған.

Мешіт қызметінің тағы бір маңызды бағыты – қайырымдылық. Ай сайын түрлі акциялар өткізіліп, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға нақты көмек көрсетіледі. «Мектепке жол», «Рамазан себеті», «Құрбан айт», «Ел үлесі – пәтерге» сынды жобалар Рудный қаласында дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді.

Биыл мешітте бірқатар жөндеу жұмыстары да атқарылған. Жылу, су, канализация жүйелері толық жаңартылып, мешіттің сыртқы келбеті ретке келтірілген. Алдағы уақытта жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Имам бұл игі істерге демеушілік көрсетіп жүрген қала азаматтарына ризашылығын білдірді.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *