«EnbekFEST»: Болашаққа бағдар

Рудный технология және сервис колледжінде «Жұмысшы мамандықтар жылының» салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара жастар арасында жұмысшы мамандықтарды дәріптеудің және олардың маңыздылығына қоғамның назарын аудартудың тағы бір маңызды қадамы болды.

Іс-шараның басты сәті қала мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру форумы болды. Оқушылар жұмысшы мамандықтардың сан алуандығын зерттеп, олардың болашағы туралы көбірек біліп, кәсіби жолдарын саналы түрде таңдауға мүмкіндік алды.

— Астана қаласындағы «ЭКСПО» базасында республикалық деңгейде «Жұмысшы мамандықтар жылының» ашылды. Бұл ауқымды іс-шараға Қазақстанның барлық колледждері, студенттер, педагогтар және еліміздің әр өңірінен келген мектеп оқушылары қатысты. Сонымен қатар фестиваль ірі кәсіпорындардың қолдауымен ұйымдастырылды . Фестивальге Мемлекет басшысының өзі қатысып, білікті мамандардың ел экономикасының дамуына қосатын үлесін ерекше атап өтті. Біз осы эстафетаны жалғастырып, өз фестивалімізді өткізіп отырмыз. Бүгін оқушылар колледжіміздің материалдық-техникалық базасымен, шеберханаларымен танысып, шеберлермен тілдесіп, болашақта өздеріне лайық мамандықты таңдауға мүмкіндік алды , – дейді Технология және сервис колледжінің директоры Айгүл Татьянова.

— Соңғы екі жылда студенттердің стипендиясы екі есе өсті. Сонымен қатар, оқушылар оқу мерзімі ішінде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Кәсіптік білім беру жүйесінде өзгерістер болады. Осы мақсатта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бойынша жол картасы бекітілді. Бұл құжат материалдық-техникалық базаны нығайту, кадрлық әлеуетті дамыту және академиялық ұтқырлықты енгізу сияқты бағыттарды қамтиды. Біз өз білім беру бағдарламаларымызда практикалық дайындықтың үлесін арттыруға, дуальды оқытуды енгізуге және инновациялық оқыту технологияларын дамытуға тырысамыз. Себебі студенттерді кәсіпорын талаптарына сай маман етіп дайындауымыз керек. Нағыз шебер болу үшін үш басты қағиданы ұстану қажет: оқу – білімсіз білікті маман болу мүмкін емес; еңбек – бәсекеге қабілеттілікке жетудің басты шарты; және өз ісіне деген сүйіспеншілік! – деп атап өтті колледж директоры.

Іс-шара барысында Рудный қалалық «AMANAT» партиясы филиалының төрайымы Назгүл Манасова қатысушыларға өз құттықтауын жеткізді.

— Бұл маңызды оқиға жұмысшы мамандықтарды қолдау мен дамытудың маңыздылығын көрсетеді. «EnbekFest» фестивалі – дағдыларды көрсету, тәжірибе алмасу және әртүрлі салалардағы жаңа технологиялармен танысу үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл күн сіздердің кәсіби жолдарыңызда маңызды кезең болсын! – деді ол.

Шара аясында әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, студенттер мен түлектер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

№14 мектеп оқушысы Арина Егозарян фестивальден ерекше әсер алғанын айтты. Қазір ол 9-сыныпта оқиды және болашақ мамандығын таңдауда.

— Кондитерлердің жұмысын көріп, қатты таңғалдым. Әртүрлі пішіндер мен технологиялар туралы көп нәрсе білдім. Бізге дәмді тағамдар ұсынып, нағыз шеберлердің қолынан шыққан өнімдерді көрдік. Бұл менің болашақ мамандығым туралы ойлануыма түрткі болды, – дейді Арина.

Ал интернат оқушысы Александра Свиридова мұғалім болуды армандайды, дегенмен фестиваль оған үлкен қызығушылық тудырды.

— Біз шоколадпен жұмыс істеп, әдемі бұйымдар жасадық. Бұл өте қызықты әрі пайдалы тәжірибе болды, – дейді Александра. – Осындай іс-шаралар шығармашылық қабілеттерімізді дамытады. Мен бастауыш сынып мұғалімі болуды мақсат етіп жүрмін. Ол үшін білімімді жетілдіріп, түрлі шараларға белсене қатысып келемін. Мұғалім болу – үлкен жауапкершілік. Достарым мен ұстаздарымның қолдауы мені жаңа жетістіктерге жетуге шабыттандырады. Мен өз арманыма сенемін және оған жету үшін бар күшімді саламын.

«Жұмысшы мамандықтар жылының» ашылуы жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, кәсіптік білім беруді дамытуға және білім беру мекемелері мен бизнестің өзара байланысын нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыстың бастамасы болды.

Болашақта осы бастама аясында жастар арасында жұмысшы мамандықтарды дәріптеу, олардың мәртебесін көтеру және кәсіби дамуға жағдай жасау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Білім беру бағдарламалары жаңартылып, заманауи технологиялар енгізіледі, оқытушылардың біліктілігі артады. Бұл еңбек нарығының талаптарына сай мамандарды даярлауға және кәсіпорындарды білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *