Рудныйда ұлы ақынымыз Серікбай Оспанұлының «Адамгершілік әліппесі» атты кітабының тұсаукесері өткізілді
Туынды адам бойындағы баға жетпес құндылық «адамгершілік» тақырыбында. Бұл қасиет бізді ізгілікке, мейірімділікке, өзгелерге құрмет көрсетуге, отанды сүюге үйретеді.
Іс-шараның өткізілуіне мұрындық болған Рудный қаласының «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин. Кеш қонақтары ретінде Қостанай қаласының «Марал Ишан» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев, қаламыздың қаламгерлері, «Кездесу» клубының мүшелері, мешіт шәкірттері және мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты.
«Бұл кітапқа көз жүгіртсек, ішінде баланың тәрбиесінде қазақшылық, мұсылманшылдықты үйрететін құнды ақпарат жазылған. Қозғалған тақырыптар отбасындағы құрмет, дінге деген көзқарас жайында. Адамгершілік әліппесімен Қостанай қаласында болған жиналыста танысып, бүкіл облыс мешіттері осы кітапты бөліп сатып алдық. Енді біздің мешіт тек сатып алып ғана қоймай, Рудный қаласындағы жалғыз мемлекеттік тілдегі кітапханаға сыйға тартуға шешім қабылдадық. Қалған кітаптарды біздің шәкірттер сабақ барысында пайдаланады. Болашақта қолымыздан келгенше қазақ мектептерін де осы асыл қазынамен қуантамыз», – деді Рудный қаласының «Нұр» мешітінің Бас имамы өз сөзінде.
Мемлекеттік тілдегі кітапхананың қоры «Адамгершілік әліппесі» атты басылымның 10 данасымен толықты. Кітапқа Құранда, Мұхаммед пайғамбар хадистерінде, халықтың даналық сөздерінде, ұлы ойшылдар еңбектерінде айтылған адамгершілік қасиеттер жайындағы ойлар өлең жолдарына айналдырылып берілген. Сондай-ақ адамдық диқаншысы болған, балаларға арнап тұңғыш «Әліппе» жазған Ахмет Байтұрсынұлының туған жері, атамекені, ата-бабалары, азаттық, өнер-білім жолындағы күресі, балаларға, жастарға берген тілек-баталары, алған алғысы, адами болымысы, өнегелі өмірі, өсиет-аманаттары, ертегі, аңыздар, ойындар, автор өлеңдеріне шығарылған әндер жинақталған. Оларда да ұлт ұстазының шығармаларында айтылған ой-пікірлер, мақсат-мұраттар бар. Жастарды Отанды, адамзатты, қоршаған ортаны аялап, сүюге бастайды. Қазақ поэзиясында балаларға арналып жазылған күй тарихы бұрын-соңды болған емес. Өлеңмен жазылған күй-аңыздар жинаққа тұңғыш рет енгізіліп отыр.
Негізінен балаларға арналғанымен, кітаптың жоғары сынып оқушыларына, мұғалімдер мен тәрбиешілерге, студенттерге, жалпы оқырман қауымға берер ұлттық, патриоттық, діни, танымдық тәлім-тәрбиесі мол. Жазушының айтуынша оның еңбегінде қозғалған тақырып қазіргі заманда өткір болып тұр. Күн сайын адамдар көмектесуден, ал туыс-туғандар бауырмалдылықтан алыстап келеді.
«Біз адамгершілікті сағына бастадық. Оған себеп телефон деп санаймын. Оны бәрібір кітаппен салыстыруға болмайды, тең келмейді. Оның зардабы өте көп және жеткеншектерді ойсыздыққа әкелуде. Ал бұл еңбегім ізгілік пен жақсылыққа баулайтын дүние. Қазір опасыздыққа, жаман әркеттерге баратын адамдарда көбейген. «Қалайша?» деп сұрақ қоямын. Тіпті кісі өлтіру қалыпты жағдайға айналып кетті. Мінеки осы нағыз ойлау қабілетінің төмендеуі», – деп бөлісті Серікбай Оспанұлы.
Айта кету керек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне бағдарлық баяндамасын жолдап, 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл дегеніміз — халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі ислам дінін дәріптеу, оның ғылыми-теориялық негізін дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанының белгісі. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді. Осы бағытта жыл бойы дін өкілдері қаламызда осы сыңды жоба, іс-шаралар өткізуге ниетті.
Қоғамның ең үлкен байлығы – адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған адам. Адамгершілік қасиеттер адамды оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан біртіндеп үлкен толғаулы мағыналы өмірге қарай жетелейді. Іс-шара соңында салтаннатты түрде аса қадірменді Серікбай Оспанұлы ақ батасын беріп, кітаптарға қолтанбасын қойып табыс етті. Рудный қаласының «Нұр» мешітінің шәкірттері кітапта жазылған үзінділерді оқып берді.
Сания САКТАГАН