Кеншілер қаласының өнер сүйер қауымы араға 12 жыл салып айтыспен қайта қауышты. Рудныйдың төрінде тіл жанашыры, журналист Гүлнар Қалқаеваны еске алуға арналған аймақтық жыр додасы өтті. Оған ақынның көзін көрген замандастары Жадыра Құтжанова, Абай Қажиев, Әлпия Орманшина, Бағила Балмышова, Айбек Қалиев, Салтанат Өтелбаева, Байбатыр Ахметбеков, Мамай Ізтілеу, Марғұлан Оспанов, Ғалымгерей Кенжеғозин қатысып, сара сөз бен салмақты ойдың тиегін ағытты.
Гүлнар Қалқаева — Ресейдің Қорған облысының тумасы. Студенті кезінен ақындыққа бет бұрып, түрлі айтыс додаларына қатысып жүреді. Осылайша 1990 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан ақындары арасында Сыр елінің жырауы Балқы Базардың 150 жылдығына арналған халықаралық айтыста бірінші орынды жеңіп алады.
1997 жылы «Рудный дауысы» телеарнасы ашылғанда, журналистік жұмысын «Қала жаңалықтары» хабарында диктор болды, авторлық «Атамұра» хабарын шығарып, халыққа етене танылды. Тілші әрбір шыққан хабарының мазмұнына мән беріп, талапты да талантты кейіпкерлерді табуға тырысты.
— 90-шы жылдардың соңында Рудныйда қаракөздеріміздің үлесі небары 3 пайыз ғана болатын. Соған қарамастан кеншілер шаһарында алғаш рет көгілдір экраннан қазақтың үнін шығарған осы Гүлнар Амангелдіқызы болатын. Ресейде туып-өссе де айтысты дәріптеп, көптеген жас жеткіншектерді ұлттық өнерімізге баулыды. Оның өнегелі жолы баршамызға үлгі. Айтысқа келсек, қала басшылығы ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын осындай шараларды көптеп өткізсе құба-құп, — дейді айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев.
— Рудный қаласына 1999 жылы келгенмін, 15-інші қазақ мектебінде іс-шара өтетін болып, өлең айтуға бір апай шақырып барғанмын. Сол кезде, марқұм айтыскер ақын Гүлнәр Қалқаева апайды алғаш көрдім, ол кісі менің аты-жөнімді жазып алған, содан бастап қалалық мерекелерге қатынаса бастадым. Содан бастап Гүлнәр апайды ұстазым деп сыйладым. Біз бұл айтысты Тобыл өңірінің ең үздік жас айтыскерлерін жинап өткізе салатын едік. Бірақ Гүлнар апайдың көзін көрген ақындарды шақырып, айтысқа шөліркіген қала тұрғындарына жақсы рухани кеш сыйлауды шештік, — дейді жерлес ақын Ғалымгерей Кенжеғозин.
Сөз майданында айтыскерлер аянып қалмады. Елдігіміз, тіліміз, мәдениетіміз тақырыбында кесек-кесек ойлар айтып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айзат ИБРАГИМ
газета «Рудненский рабочий»