ОЙЛЫ БОЛСАҢ, ОЗЫП КӨР!

Рудныйлықтардың танымдық қабілетін арттырып, интеллектуалды ойынға қызығушылықтарын оятып, білім деңгейлерін көтеру мақсатында Б. Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының қабырғасында кезекті «Дарабоз» зияткерлі сайысы ұйымдастырылды. Білімділік пен шапшаңдықты талап ететін кіл жүйріктердің додасын «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің» Рудный қалалық филиалы жоғары деңгейде өткізді.

Сайыстың мақсаты – қазақтың тілін, тарихын, салт-дәстүрін, ғылымын, өнерін, әдеби мұраларын насихаттау, ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын арттыру, сондай-ақ ана тілімізді мамандар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды арттыру, зияткер ортаға үлес қосу және қисынды ойлауға баулу. Интеллектуалды сайыстың салтанатты ашылуында сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдастығының Рудный қалалық филиал төрайымы Қымбат Бірманова қатысушыларға сәттілік тіледі.


«Бүгінгі интеллектуалды сайыс дәстүрлі түрде әр айдың соңғы жұма күні өтуде. Шараны Рудный қаласындағы әртүрлі саланың мамандарын бір жерде тоғыстыру мақсатында жүзеге асырамыз. Ол медицина саласы, педагогтар, мемлекеттік қызметкерлер немесе зейнеткерлер де бола алады. Оған қоса мемлекеттік тілдің аясын кеңейту. Ойында енді жеңіліс те жеңіс те болады. Ең бастысы жақсы, зиятымызды ашатындай тамаша ойын болады деп ойлаймын. Айта кетейін, алғашқы ойын қазан айында басталды, ендігі кезекте 1 жыл ішінде жақсы нәтиже көрсететін команда масштабты түрде өтетін қорытынды сайыста ойнайтын болады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заңғар Санай осы ойынды тек ересектер арасында емес, оқушылар арасында өткізуді ұсынды. Қазіргі уақытта мәдениет басқармасы осы жобамен айналасып жатыр», – деді Қымбат Бірманова.

Жиынға Рудный мектептерінің педагогтері, №15 балабақша мамандары, ақсақалдар кеңесінің мүшелері және қаламыздың белсенді азаматтарынан құрылған 6 команда қатысты. Барлығында теңдей 6 қатысушыдан болды. Ойын жеті кезеңнен тұрды: 1 кезең -« Ұлылар ізімен..», 2 кезең — «Сандар сөйлейді», 3 кезең — «Сөз ойла,тез ойла», 4 кезең -«Ой мерген» 5 кезең — «Білгенге маржан», 6 кезең — « Зымыран сұрақ»,7 кезең — «Edu-бранч». Жастармен бірге тартысты ойынға ардагерлерімізде қатысты. Зияткерлі ойында орақты біліммен суырылып отырды.

«Бүгінгі іс-шараға Ардагерлер атынан бір топ болып шықтық. Құрамға Сәлімгерей Бексейітов, 90-ға келген Ғабдолла қажы ағамыз, домбырашы Қыдыр досымыз да қосылды. Бұл жоба ұлт сабақтастығы. Үлкен мен жастар арасындағы дәнекерлік. Біздің тарапымыздан білгенімізді, ойларымыздағы қазақи құндылықтарды жастарға тәрбие ретінде беру. Сондықтан жиналып жатқанымыз өте жақсы іс деп ойлаймын. Өзіміз үлкен ынталықпен келдік. Жастардың білгенін бізде білсек дейміз. Себебі, адам өмір бойы үйренеді. Бұл кәдімгі ұрпақ сабақтастығы есебіндегі үлкен жоба»,- дейді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңбыршы Тілеуғабылов өз сөзінде.

 

Қатысушылар қатарында алғаш рет бақ сынамақшы командалар болды. Ол №15 балабақша мамандары мен тәрбиеленушіліердің ата-аналары. Сондай-ақ «Бірлік» деген атаумен шыққан М.Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы. Команданың айтуынша, жиналған қатысушылар түрлі пән мұғалімдері. Түрлі кезеңдерде қалмай, берілген сұраққа мезетте жауап беру үшін жақсы дайындалған екен.

Командалар жақсы көңіл-күймен уақыттарын өткізді. Ойын болса зымырап өтті. Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша білімділігімен ерекшеленіп, үздік ойын өрнегін көрсеткен №13 мектеп I орынды қанжығасына байлады. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сертификаттар мен марапаттау қағаздары табысталды.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *