Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдағы беделін арттыру бағытында Рудный қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Тілі бірдің – тілегі бір» форумы биыл да жоғары деңгейде өтті. Бұл форум тіл саясатының өзекті мәселелерін талқылап, мемлекеттік тілді үйрену және оны дамыту жолындағы жетістіктерді насихаттау алаңына айналды.
Форумның басты мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қоғамда тіл саясатына деген қызығушылықты арттыру және түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне қолдау көрсету. Форумға мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері, тіл жанашырлары, байқау жеңімпаздары, қаланың құрметті азаматтары мен жастар қатысты.
Жастар форумының ашылу рәсімінде Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Балғабайұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ана тіліміздің қоғамдағы орны мен маңыздылығына ерекше тоқталып, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматқа алғыс хаттар табыстады.
Сәкен Балғабайұлы өз баяндамасында Қазақстан Республикасындағы Тіл саясатын дамытуға арналған 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама аясында ұйымдастырылған бұл форумның еліміз үшін ерекше маңыздылығын атап өтті:
– Биыл елімізде алғашқы Тілдер туралы заңның қабылданғанына 35 жыл толды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар тәуелсіздігімізді нығайту мен ұлттық бірлікті сақтаудың басты белгісі. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы. Мемлекет басшысы өз жолдауларында үнемі мемлекеттік тіл саясатын қолдау мен дамытуға баса назар аударып келеді. Қаламызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында көптеген байқаулар, іс-шаралар өткізілуде. Бүгінгі форумда да біз облыстық және республикалық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген талантты, болашағына сенімді жастарды көріп отырмыз. Олар тек қаламыздың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналуда. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Осындай маңызды бастамаларды әрі қарай жалғастыру – біздің басты міндетіміз.
Қала әкімінің орынбасары форумға қатысқан жастарға алғысын білдіріп, олардың мемлекеттік тіл саясатын қолдаудағы белсенділігін жоғары бағалады. Ол болашақта да жастардың жаңа биіктерді бағындырып, елдің дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Жаңбыршина форумның маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік тілді тек үйрету ғана емес, сонымен қатар жастар арасында оның мәртебесін көтеру. Биылғы форумға 300-ден астам адам қатысты. Біз тілдің қоғамдағы маңыздылығын тек қана сөз жүзінде емес, нақты іс-шаралар арқылы дәлелдегіміз келеді. «Тілі бірдің – тілегі бір» форумы алдағы жылдары да өз жалғасын табады. Оның аясында тіл саясатын қолдауға бағытталған түрлі байқаулар, жобалар мен шығармашылық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолындағы бұл бастама өз жемісін береді деп сенеміз.
Форум барысында мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін белсенді түрде қолданатын қызметкерлер мен шығармашыл жастар ерекше атап өтілді. Олардың арасында «KEGOC» АҚ қызметкері әрі тілдерді оқыту орталығының тыңдаушысы Ксения Минаева болды:
– Мен украин ұлтынан болғаныма қарамастан, қазақ тілін үйренуді өзімнің азаматтық міндетім деп санаймын. Тілді меңгеру арқылы елімнің тарихын, мәдениетін терең түсіне бастадым. Қазақ тілінде еркін сөйлеу мен үшін үлкен жетістік және мақтаныш, – дейді Ксения.
Сондай-ақ, форум барысында Рудный қаласы әкімінің Құрмет хаттарымен қаламыздың белсенділері, тіл жанашырлары Жаңбыршы Тұқатұлы, Нұралхан Әмірханұлы, Ғалымгерей Задыгерейұлы, Елена Александровна, «Рудный құрамасы» жайдарман тобы марапатталды. Ал «Ұлағатты ұстаз – тіл мерейі» номинациясы бойынша Абзал Әміржанұлы, Айзат Жумагалиевна, Владимира Александровна, Лаззат Адилбековна, Айгуль Мирасовна, Егана Рошановна атап өтілді. Ксения Валерьевна, Ли Марк, Пыхтина Полина, Менщиков Глеб «Тіл болашағы – ел болашағы», Асат Максутович, Мирас Абаевич, Нұрхан Давлатұлы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.
Форум барысында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама жиналғандардың көңілінен шықты. Сахна төрінде ұлттық әндер мен күйлер орындалып, халық билері көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Жастарға арналған патриоттық әндер мемлекеттік тілдің маңыздылығын тағы бір мәрте ұғындырды.
Форумға қатысушылардың бірі, Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов, іс-шараның облыс үшін маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Қостанай облысы этностық құрамы әртүрлі өңір ретінде мемлекеттік тілді дамытуда ерекше рөл атқарады. Бұл – тек тілдік емес, ұлттық рухани байлық пен ұлт бірлігінің көрсеткіші. Мемлекеттік тілді дәріптеу біздің басты міндетіміз болып табылады. Рудный қаласы бұл бағытта үлкен үлгі көрсетіп келеді. Облыс бойынша тілдерді оқыту орталықтарында 6000-нан астам тыңдаушы мемлекеттік тілді үйренуде. Оның ішінде 2008 жылы құрылған Рудный орталығы ерекше көзге түседі. Бұл орталықтың тыңдаушыларының саны көп, ал нәтижелері айтарлықтай жоғары. Қазіргі уақытта орталық заманауи технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін тиімді түрде оқытып келеді. 1200-ден астам қала тұрғыны осы орталықтың білім беру бағдарламаларына қатысуда. Сонымен қатар, орталықтың оқытушылары облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Мысалы, «Сөйле тайм» және «Қазретро» жобалары аясында зейнеткерлерге мемлекеттік тілді тез әрі тиімді меңгеруге мүмкіндік берілуде. Бұл жобалар тек білім беру ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, ұлттық мәдениетті сақтау және насихаттау бағытында үлкен жұмыс атқаруда. Мұндай форумдар арқылы Қазақстан Республикасы көпұлтты, көптілді және көпмәдениетті ел ретінде әлемге танылып, өзінің бірлігін одан әрі дамыта береді деп сенемін. Бұл бастамалардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Рудныйда өткізілген «Тілі бірдің – тілегі бір» форумы – осының жарқын мысалы.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған бұл форумның тағы бір ерекшелігі – оның қатысушыларына тілдің заманауи технологиялар арқылы үйретілу мүмкіндіктері таныстырылды.
Форум аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-педагогикалық колледжінде «Мемлекеттік тілді оқытудағы инновациялар: Жаңа үрдістер мен модульдік технологиялар» атты форсайт-сессия өтті. Бұл сессияда тілдерді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары цифрлық технологияларды пайдалану тәжірибелерімен бөлісті. Форсайттың басты мақсаты – ересек азаматтарға мемлекеттік тілді оқыту үдерісін жеңілдету және оны жетілдірудің тиімді жолдарын табу болды.
Форумның қорытындысы ретінде мемлекеттік тілді насихаттау тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екені ерекше атап өтілді. Рудный қаласында осындай маңызды шаралардың өткізілуі – ел болашағына жасалған сенімді қадам.
ГҮЛІМ МҰРАТ,
суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ