Абай Наурыз жайлы

Абай Наурыздың қадым заманнан келе жатқан халықтық мейрам екендігі жөнінде былай дейді: «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хұзағи» деп аталған заманға дейін апарып: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен».

Одан бөлек, Абай наурыз мейрамының діни мереке емес, көктем мерекесі, яғни, халықтық мереке екендігіне назар аударады. Яғни, қазақ жерінде мұсылманшылық тарамағанға дейін
«Ұлыстың ұлы күні» атты дүниетанымдық түсінік болғанын алға тартады.

«Ұлыстың ұлы күні» деген сөздің өз заманында алғашқы мəнін өзгертіп, Құрбан айтқа байланысты айтыла бастағанын былай деп ескертеді:

Жаз жіберіп жан берген қара жерге,

Рақметіне Алланың көңіл сенер,

Мал семірер, ақ пен ас көбейер,

Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер.

Ақын көктемде жан дүниенің, жан-жануардың түлеп жаңарып, ақ мол болып, ас көбейгенін, адамзаттың көңілі өсіп көтерілгенін Наурызға арнаған өлеңінде паш етеді.

Абай «Жазғытұры» өлеңінде наурыз айы қарсаңында болатын көрісу амалы жайында да айта кетеді.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Ал келесі үзіндіде
наурыздың келгенін ескертетін құс – жыл құсын жырына қосқан екен.

Жаздың көркі енеді жыл құсымен,

Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.

Ақынның «Жыл құсы» деп отырғаны – «наурызек» аталатын көкала торғай.

Қалай десек те, Абай ақынның наурыз жайлы жазған аз ғана дерегінен Наурыз мейрамының қазақ халқы үшін өте көне, ежелден, атам заманнан келе жатқан мейрам екендігін анық байқаймыз. Ақынның жазбасы сол тұрғыдан өте маңызды.

Қанат СЛЯМБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *