Адам тағдыры – Алқабилер қолында

Жуырда ел болып референдумға қатысып, ҚР Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізуді қолдадық. Онда сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіруге баса назар аударылған.

Қазақстанның құқықтық саясат тұжырымдамасында алқабилер сотын енгiзу қажеттілігі бұрыннан айтылған. Осыған орай алқабилер сотын енгізуге қатысты әртүрлі пікірлер болғаны рас. Жалпы «алқабилер сотының қандай артықшылықтары бар? Оған кімдер кіре алады?» деген сауалдың тууы заңды.

Дұрыс-ақ. Алқабилер туралы әңгіме Қазақстанның Конституциясында да жазылған. Атап айтар болсақ, Ата Заңның 75 бабында «заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады» деп атап көрсетілген. Бұл жүзеге асатын және жүзеге асып келе жатқан процесс. Демек, алқабилер соты қарапайым халыққа не береді?

Біріншіден, олар сот шешімінің әділ өтуіне ықпалын тигізеді.

Екіншіден, бұл жүйе халықаралық стандартқа жақын.

Үшіншіден, сот ісіне қатысушылар құқықтық жағынан барынша қорғалады.

Төртіншіден, сотқа деген елдің күмәнді көзқарасы өзгереді.

Бесіншіден, бұл сот жүйесін жетілдіреді.

Алтыншыдан, біз сөз етіп отырған жүйені енгізу үшін «Алқабилер» туралы арнайы заң қабылдады.

Демек, сот процесіне қатысу үшін алдымен оның мәртебесі мен тетіктері керек емес пе? Сондықтан бұл институты қажет екендігі, оның заман талабынан туындап отырғаны күн өткен сайын байқала бастады. Ал алқабилер институты қай жылдан бастап енгізілді дерсіз? Дерекке жүгінер болсақ, оған 15 жылдан астам уақыт өтті, яғни 2007 жылдың 1 қаңтарынан енгізілді. Ал мұның пайдасы зор. Өйткені…

Оған қарапайым халық қатысады.

Аса ауыр қылмыстық істерге олардың қатысуына толық құқы бар. Тек алдын ала алқаби болатындардың құрамы нақтылануы тиіс.

Алқабилер сотының мүшелері қатысқан процесс өмір көрсеткендей, өте жоғары дәрежеде өтеді. Өйткені айыптаушымен қорғаушының дәлелдері өте сауатты, әрі нанымды болуы керек. Қарапайым халықты ғана емес, екі тараптың дәлелдері алқаби мүшелерін де сендіруі тиіс.

Сондықтан да соттың әділетті, сенімді әрі дәлелді өткені дұрыс қой. Бірақ кез келген адам алқабилер сотының мүшесі бола ала ма? Жоқ.

«Алқа билер туралы» Қазақстан Республикасының арнайы заңы бар екендігін жоғарыда айттық. Бірақ кез келген адам оған мүше бола алмайды. Олардың тізімі алдын ала бекітіледі. Хатталады, сөйтіп мақұлданады. Ал анығын айтсақ, 25 жасқа толмағандар, әлі де жазасын өтеп болмағандар, шартты түрде бостандығынан айырылғандар, жүйкесі ауыратындар, наркологиялық жағынан есепте тұрғандар, сонымен қатар, әскери қызметшілер, судьялар мен осы құқықтық салада жұмыс істейтіндер алқабилер сотына мүше бола алмайды.

Расын айту керек, жасалған тізімдердің барлығы алдын ала тексеріледі.

Алайда, осы жерде айта кететін бір нәрсе бар. Сарапшылар қорытындысы көрсеткендей, алқаби мүшелерінің кейбіреулері сот процесіне келуге құлық танытпайды екен. Өйткені олар – қарапайым азаматтар. Көбісі басқа жерде жұмыс істейді. Мүмкін ол сауатты дәрігер, кәсіби инженер немесе жоғары санаттағы мұғалім болуы ықтимал. Себеп – олар жұмыстан шыға алмайды. Сондықтан алқабилердің толық жиналмауына байланысты сот процесі кейде ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды не? Азаматтардың көп жағдайда құқықтық сауаттылығы жетіспей жатады. Мұндай жағдайда ең алдымен олар жауапкершілікті сезінуі керек.

– Алқабилер – қарапайым халықтың өкілі. Сондықтан халықтың атынан сотқа қатысып отырғандықтан олар өте сауатты болуы керек. Бұл бірден түзеліп кететін шаруа емес. Жүре түзелетін нәрсе. Бірақ алқабилер қатысқан сот ашық әрі сенімді өтіп жатқанының талай куәсі болып жүрміз. Бұл жүйенің енгізілгеніне де көп уақыт болған жоқ. Сол себепті алақабилер институтының қажеттілігі әрі олардың жауапкершілігі артатыны барған сайын айқындала түсетініне сенімдімін, – дейді Рудный қаласының тұрғыны, құқық қорғау саласының ардагері Сабыр Доспанұлы.

Сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіру мақсатында 2023 жылғы қаңтардан бастап алқабилер сотының қарауына жататын істердің тізбесі кеңейтіледі. Бұл жұмыс жалғасып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің санаты ұлғайтылатын болады.

Айдын АСҚАР

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *