Айдын Жакиев Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды

Өскеменде өткен Қазақстан Республикасының тоғызқұмалақтан чемпионатында Б.Майлин атындағы №7 гимназияның жас спортшысы Айдын Жакиев  чемпиондар тұғырынан бас көтерді.

Небәрі 17 жасында Айдын Жакиев  өз санатындағы шеберліктің шыңына жетіп, жеңіске жету үшін күресте керемет спорттық дағдыларын көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша тоғызқұмалақтан «ҚР спорт шебері» атағына лайық ие болып, өз өңірі мен мектеп мақтанышына айналды.

Мыңдаған жылдық тарихы бар, қазіргі уақытта әлемге әйгілі зияткерлік ойындардың ішінде ерекше маңызға ие, ата-бабамыздан қалған тоғызқұмалақ ойынын дәріптеу мақсатында өткен жасөспірімдер арасында биылғы жылы жарыс республикамыздың түрлі өңірлері мен қалаларының атынан 14 пен 21 жас аралығындағы дарынды қатысушыларды жинаған. Қостанай облысының командасы жалпы командалық есепте 19 топтың ішінде екінші орын алып, ұжымның дайындығы мен күшінің жоғары деңгейін көрсетті. Облыс оқушыларының қоржынында 4 алтын, 2 күміс, 3 қола.

Естеріңізге сала кетейік, 3 сыныптан бастап үстел спорт түрін жетік меңгеріп келе жатқан Айдын өткен жылы әлем чемпионатында еліміздің абыройын көкке көтерген болатын. Алматыда 17 елдің 200-ден астам ойыншылары қатысқан тұңғыш әлем чемпионатында күміс жүлдемен оралған болатын. Оның айтуынша, бұл ұлттық дәстүрлі ойынға сынып жетекшісі баулыған. Қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойынап жүргеніне 7 жыл. Республикамыздың жас спорт шебері  алдағы уақытта да осы саладағы тұғырларды бағындыра бермекпін дейді.

ГҮЛІМ МҰРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *