Алаяқтық белең алып барады

Әлемде байланыс құралдары тез дамып келеді. Олар біздің өмірімізді жайлы етіп, көп нәрсені қол жетімді жасайды. Бірақ, алаяқтар ілгерілеуден қалыс қалмай өз мақсаттары үшін ғаламтор мен ұялы байланысты қуана пайдалануда. Интернет алаяқтар жыл басынан бері ел азаматтарының 11 млрд аса теңгесін жымқырған. Ішкі істер министрінің ақпараты бойынша, соңғы 5 жылда алаяқтық дерегі 5 есе өскен. Мәселен, биыл 14 мыңға жуық интернет алаяқтық тіркелген. Алаяқтар негізінен олардың атына онлайн несие рәсімдеп, банк карточкаларындағы ақшасын қолды қылған. Қазір 500-ден астам азамат ұсталып, жәбірленушілерге әзірге 600 млн теңгеге жуық сомма өтелді.

Рудный қаласының аумағында ағымдағы жылдың басынан бері интернет-алаяқтықтың 161 фактісі тіркелді, олардың тек 20%–ы ғана ашылды. Зардап шеккендердің санын азайту үшін біздің қаланың аумағында 1-30 қараша аралығында «Алаяқтыққа қарсы» жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Осы жайлы толығырақ қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Сайфулла Жарменов тоқталды.

«Қазіргі таңда көп жағдайда қарт және орта жастағы азаматтарға үйлеріне, жеке ұялы телефондарына туған туысы кейпінде хабарласу деңгейі күрт көбейді. Интернет алаяқтардың әдістері кең таралған. Олар алдымен банк қауіпсіздік қызметінің, полицияның және басқа да уәкілетті органдардың қызметкерлері рөлінде хабарласады. Шоттағы ықтимал бұзулар мен аударымдар туралы немесе жақын адамдардың қиындыққа тап болғаны туралы айтып, ақшаны қауіпсіз шоттарға ааударуға немесе қолма-қол беруге сендіреді және SMS парольдерді айтуды сұрайды. Адамдардың психологиясымен жақсы таныс: олар кәсіби терминдерді тез және сенімді түрде қолдана отырып сөйлейді, кейде қысым жасайды, шешім қабылдауға асықтырады, қорқытады, көбінесе толы кеңсенің немесе полиция бөлімшесінің жұмысына ұқсайтын дыбыстарды қосады. Соңында жәбірленуші толық сенгеннен кейін дропперлерді жұмысқа қосады»,-дейді полиция бөлімінің жедел уәкілі.

Алаяқтардың ең көп белсенділігі әлеуметтік желілерде байқалады, онда хабарламалар таратылады және жарнамалары бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырылады. Мұндай сайттардың мақсаты-әртүрлі инвестициялық құралдардың көмегімен тез және көп ақша тапқысы келетін адамдарды анықтау. Бірақ соңында, салымшылардың қаражатын алғаннан кейін, олар жоғалады, ал зардап шеккендер уәде етілген табыссыз ғана емес, сонымен қатар бастапқы капиталсыз қалады. Осы тұста Рудный тұрғындары арасынан тақырып аясында сауалнама жүргіздік. 

Қанат, қала тұрғыны:

Алаяқтың арбауына түскен сәтім болды. Бұл ақпан айында болған. Маған банк қолдау қызметінен хабарласып, «Сіздің атыңызға аляқтар несие рәсімдеп жатыр» деп қорқытты. Ондай кезде ойлауға уақытын болмайды, шошып сене бастайсын. Осылайша, 700 мың теңгені шоттарына аудардым. Полиция басқармасына барсам, мен сияқты алданып қалған адамдар көп екен. Бәріміз қосылып арыз жаздық, бірақ әлі нәтижесі жоқ.

Людмила, қала тұрғыны:

Иә, мағанда алаяқтар үй телефонына хабарласты. Хабарласушы «немерем» секілді жылап, апатқа ұшырағанын айтты. Басты мәселе өзіне емес, ауыр хәлде жатқан жүргізушіге 3 млн ақша керек деп сұрай бастады. Бірден сеніп қалдым. Сосын қызыма хабарласып бәрі дұрыс екенін түсініп телефонды қойдым. Теледидарда бекер емес көрсетіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Барлық таныстарыма, құрбыларымды ескертіп қойдым.

Тәртіп сақшылары азаматтарымызға абай болу керектігін, алаяқтардың түрлі айлаларына түсіп қалмау керектігін жеткізу мақсатында түрлі кездесулер, іс-шаралар өткізуде. Алаяқтық фактілері анықталған жағдайда дереу Рудный қаласының Полиция басқармасына немесе 102 телефонына хабарласуыңызды сұраймыз.Өз қаражаттарыңызға абай болыңыздар!

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *