Биыл ERG мен Қостанай облысы әкімдігі арасындағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға арналған меморандум аясында «Алексеев тұрағы» атты архитектуралық ескерткішті қалпына келтірілмек. Осы орайда оқырмандарға Рудный қаласы аумағында орналасқан ең көне нысан туралы ақпарат беруді жөн санадық.
«Алексеев тұрағы» атты архитектуралық ескерткіші қоныс, қорым және құрбандық орнынан тұрады. Алексеев деп аталған б.з.д. ІІ мыңжылдықпен мерзімделетін бұл ескерткіш ғылымда өзіндік ерекшелігі бар археологиялық мәдениет ретінде танылды. Бүгінгі күнде андрон мәдени-тарихи қауымдастығына сипаттама берген кезде қола дәуірінің соңғы кезеңін мамандар «ежелгі сарғара-алексеев типі» деген терминде жиі қолданып жүр. Жалпы алғанда кешеннен табылған материалдар қола дәуірінің: петров-сынтасты, алакөл, сарғара сияқты бірнеше кезеңін қамтиды.
Тобыл өзенінің көз тартар сол жағалауында келімсектермен іргесі қаланып, Алексеевский деп аталған елді-мекеннен 4 шақырым жердегі қорым өзен жағалауын бойлай 1 шақырым аумақты алып орналасқан және осы атаумен аталған. Ескерткіш қазіргі кезде Рудный қаласының аумағына қарайды. Ертедегі қоныс орны өзен ағысы бойынша сәл төменірек, Тобылдың жоғары тепсеңді еңістік жағалауынан табылған. Орналасуына қарай солтүстік жағынан шағын арықпен бөлінген. Кешеннің орталық тұсындағы төбешікте құрбандық шалу орны, ал батыс жақ тарапта жапсарлас жатқан қорым бар. Құрбандық шалу орнының шетінен оңтүстік-шығысқа қарай 45-50 м жерде қоныс орны басталады.
Желмен аршылған шағыл құмда ашылып қалған екі бірдей қираған жерлеу орнынан қыш сынықтарын, қоладан жасалған құрал және әшекейлерді тапқан болашақ геолог-студент Б.В. Соколов 1921 ж. Алексеев қорымының ашылуына себепші болды. Осы жердегі зерттеу жұмыстарын 1930 ж. Қостанай өлкетану музейі мен Мәскеу мемлекеттік тарих музейінің мамандары бірлесіп бастайды. Бұл тек, осы ескерткішті зерттеу ғана емес, жалпы Қостанай облысының сол кездегі жүйелі түрде зерттелуінің бастауы болды.
Алексеев мәдени кешені – Еуразия даласы археологиясындағы маңызды хрестоматиялық нысан. Осы өңірде зерттелген археологиялық ескерткіштердің ішіндегі, қола ғасырында өмір сүрген тайпалардың заттай (қонысы) және рухани (қорымы мен құрбандық орны) мәдениетін толық етіп көрсете алатын бірегейі – Алексеев.
Рудный қаласы төңірегіндегі ескерткіштер кешенін тиісті қолдау көрсету арқылы туристік нысанға айналдыруға болады. Ескерткіште зерттеу және қорғау жұмыстары лайықты деңгейде жүргізілсе, оны тарихи-мәдени мұра ретінде туристік нысанға айналдыру мүмкіндігі туады. Ескерткіш археологтар мен өлкетанушылар келіп, студенттер мен мектеп оқушыларына экскурсиялар өткізетін туристік нысан.
Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»