Рудный қалалық мәслихат хатшысы Самат Байгужин мен депутат Кенжеш Аманова алтын құрсақты аналарға «алтын» және «күміс» алқаларды табыстады. Өмірге саналы да салиқалы ұрпақ әкеліп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған көпбалалы аналардың бірі Мариям Жалғасбаева да бар.
Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Осындай алып аналардың қатарына Мариям апайды да жатқызуға болады. Жеті баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған кейіпкеріміз кеншілер қаласында бір жылдан бері тұрады.
– Қазақта нақыл сөз бар ғой, «әр баланың өз несібесі бар» деген. Аллаға шүкір, жеті құрсақ көтердім, оның ішінде егіз де бар. Отағасы екеуіміз өмір бойы еңбек етіп, балаларымызды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» тәрбиеледік. Бүгін сол бауыр еті балаларымыздан немерелер сүйіп, олардың қызығына тоймай келеміз, – дейді Мариям апай.
Анаға тән даналық, парасаттылық, сабырлықтың арқасында өмірдің ащысы мен тәттісін қатар көрген ана бүгінде осы тамаша күнге жетіп отыр. Сөз арасында жас аналарға кеңес де берді:
«Балаң жақсы болса – екі көздің шырағы. Атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы. Алған жарың жақсы болса – абыройыңның тұрағы» деп ырымдаған халықпыз. Әйелдің аялы алақаны бүкіл бір әлемді мейірімге бөлей алады. Сондықтан халық санын көбейтумен қатар, саналы ұрпақ тәрбиелеулеріңізге тілекшімін. Ол үшін ешнәрседен қорықпай, отбасындағы береке-бірлікті, тыныштықты ұстауға себепші болыңыздар!».
Қала басшылығынан алғыс пен құрметке ие болғандардың қатарында Елена Штенова да бар. «Күміс» алқаны кеудесіне таққан ана қазір төрт қыз екі ұлды тәрбиелеп отыр. Ең үлкені небәрі 13 жаста.
– Туған жерім Жамбыл облысы Тараз қаласы, осында 2009 жылы көшіп келдік. Отағасымен бір жылдары әлеуметік желі арқылы таныстық. Қазіргі таңда тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Отбасында ешбір қиындықтар жоқ. Тұрмысымызға шағым айтпаймыз, – дейді ол.
Көпбалалы ана қазір бала күтімімен үйде, бұған дейін қалалық цифрлік телекөрсетілім жүйесінде қызмет атқарған. Ал күйеуі техникалық жабдықтардың электригі.
– Маған көптің айтары бір ғана сөзі бар: «Қалай қорықпайсың? Қазіргі қиын кезеңде көп баланы жеткізу оңай емес қой» деген. Бала деген – бақыт, сондықтан әр баланың өз ризығы бар деп есептеймін. Әрине бала тәрбиесі үшін қайсарлық пен шыдам қажет. Мен өзімді бақытты аналардың бірімін деп санаймын, – дейді Елена.
Кең байтақ елімізде демографиялық проблемалардың бірі – халық санының салыстырмалы түрде аздығы, ал солтүстік өңірлерде еңбек ресурстарының жетіспеушілігі. Сол себепті мемлекет тарапынан көпбалалы аналарды жан-жақты қолдау шаралары жалғасып келеді. Алқалы аналар аман болсын!
Айдын АСҚАР