Ана тілегі – бала амандығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құруға бағыт-бағдар берген Жолдауында жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облысы құрылатынын мәлімдеп, демографиялық ахуалды дұрыстауға көңіл бөлінетінін айтты. Біз көп балалы ана, Рудный қаласының тұрғыны Гүлзина Зейінқызын кейіпкер еттік.

Рудныйға 6 жасында көшіп келген ол, осы өңірдің дамуына мүдделі.

Әрине, әр адам өзінің шығармашылық потенциялы мен тұлғалық қасиетімен қызмет ететіні анық. Ал, Гүлзина «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген ұстанымды ұстанып, ұрпағына тәлімді тәрбие сіңіруге мән беріп келеді.

– 1999 жылы тұрмысқа шықтым. Жарым Бауыржан екеуіміз Индира, Зарина, Дарина, Мақсат, Аңсар, Имран есімді ұл-қыздарымызға саналы білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға бағыт-бағдар беріп келеміз. Оларға ең бірінші еңбекқорлыққа баулып, білімді болудың маңызын түсіндірудеміз, – дейді көпбалалы ана.

Сатушы-кассир мамандығы бойынша білім алған Гүлзина 17 жасынан бастап өз мамандығы бойынша жұмыс істейді.

– Тұңғышымыз Индира тұрмыста. Бес ай бұрын сәбилі болды. Биыл екінші қызым колледжді бітіреді. Ол еңбекке ерте араласып, комбинатта кран машинисті болып жұмыс істейді.

Шүкір, ұл-қыздарымыз өсіп-жетіліп келеді. Әрқайсының өзіне тән мінезі бар, – дейді кейіпкеріміз.

Өмір болғаннан кейін әттеген-ай дейтін тұстары да болатыны ақиқат. Кенжесінің жүрегі ауырады екен. Иә, қазір ауру жасты таңдамайтын болды ғой! Бар тілеуі кенжесі құлан-таза айығып кетсе деп отыр.

– Үйдің кенжесіне үш рет операция жасалды. Енді төртіншісін күтіп отырмыз. Алладан сауығып кетсе деп тілейміз, –  дейді ол.

Жанға демеу беретіні Рудный қалалық мәслихатының хатшысы Самат Байғожин алтын құрсақты ананың шаңырағына арнайы барып, Халықаралық әйелдер мерекесінде «Алтын алқаны» табыстап, арнайы сый-сияпатын берді. Аналар мен балалар аман болсын!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *