2022 жылы Рудный қаласының 65 жылдығында «Өнеріміз саған, сүйікті қаламыз» атты көрме ұйымдастырылған еді. Іс-шарада мәдени дәстүрді дамытуда қосқан үлесі үшін қаламыздың бірқатар өнерлі жандары марапатталды. Солардың бірі қолөнер шебері — Асем Аббазова.
Ол 2009 жылы Өзбекстан Республикасы Зарафшан қаласынан Қазақстанға көшіп келген. Туған елге оралған соң, ақырындап қала өміріне араласа бастайды. 2012 жылы өмірлік серігін жолықтырып, Мейрбек Тұрғанбаев екеуі отау құрады. Бүгінде олардың 2 ұлы бар.
Асемнің негізгі мамандығы – «Ашық тау кен ісі». 2012 жылы Рудный политехникалық коллледжін тәмамдаған. Ол 5 жыл көлемінде Соколов Сарыбай комбинатында лаборант боп қызмет атқарды. Қазіргі сәтте декреттік демалыста, балалар тәрбиесімен айналысады. Асем бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі бұйымдарды тоқи бастаған. Айтуынша, тоқыма өнерін әлеуметтік желілерден үйренген. Шебердің қолынан шыққан сөмкелер, шұлықтар, моншақты орамалдар мен күртешелер көздің жауын алатыны сөзсіз. Қазіргі таңда сүйікті ісі табыс көзіңе айналып үлгерді. Кәсібің жолдасы да қолдап отырады. Кейіпкеріміз әлеуметтік желіде қашықтан оқу курстары мен шеберлік сабақтарын да өткізеді. Дәлірек айтсақ, инстаграм желісінде жабық парақшада тоқыма сабақтары бар.
«Мастер класстарды инстаграм желісінде жабық парақшада өткіземін. Алдын-ала видеолар түсіріп, парақшама жүктеймін. Дайын тоқыма сабақтарын тұтынушыларға қолжетімді бағада сатамын. Онда қыз-келіншектер орамал тоқып үйренеді. Мастер классты толық оқып болғанша, түсінбеген сұрақтары болса, «WhatsApp» желісінде бейнеқоңырау шалу арқылы түсіндіремін. Қашықтан оқу да WhatsAp желісінде бейнеқоңырау арқылы өтеді. Қол астымда оффлайн да оқитын қыздарым бар», – дейді тоқымашы Асем.
Асемнің ата-енесі Өзбекстаннан Қазақстанға осыдан 20 жыл бұрын 2003 жылы оралған. Отағасы Марат ұлы Мейрбекпен қаладағы Соколов Сарыбай комбинатында жұмыс істейді. Қызы музыкалық мектепте мұғалім. Бүгінде олар ұлттық салт дәстүрді берік ұстанған, уыздай ұйыған тату-тәтті жанұя. Марат Тұрғанбаев пен Анаркүл Ералиева қазіргі күні 4 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
«Салт-дәстүр ата бабамыздан қалған мол мұра. Ұлттық дәстүрлерді насихаттай отыра әлі күнге дейін ұстанып келеміз. Жыл сайын отбасымызбен «Наурыз» мерекесін қарсы аламыз. Өзімнің әкем 30 жылдай қой баққан, «батыр әке» атанған, сол ата-анамыздың бізге үйретіп кеткен дәстүрлері: түйе, қой сауу, жүн тұту, киіз басу, көрпеше көктеу және т.б ұстанып келеміз. Келінім Асемнің тоқыма кәсібіңе көзқарасым түзу. Халқымыз «Болар баланың бетің қақпа, белін бу!» дегендей, ісіңе сәттілік тілеймін. Ол өте еңбекқор жан. Егер ол бизнес ашамын десе, онда қолдаймын», – деді Анаркүл Ералиева.
Асем шәйнектің астына қоятын төсеніштен бастап кардигандарға, тіпті балет аяқ киімдеріне дейін тоқиды. Қазіргі заманда хитке айналған моншақты сөмкені тоқуға 5-7 күн көлемінде уақыт кетеді екен. Тапсырыстарды Қазақстанның кез-келген бұрышына пошта арқылы жөнелтеді. Клиенттері де оған дән риза, тапсырған жұмыстарымызды қалағанымыздай тоқып береді дейді.
«Асемнің жұмыстары жайлы достарымнан естідім. Инстаграм желісінде бұйымдарымен танысып, орамал мен кеудешені тоқуға тапсырыс бердім. Үлгісін интернеттен қарап өзім айттым. 1 апта ішінде өте сапалы етіп тоқып берді. Асемнің шебер қолдарының арқасында қонаққа барғанда көрнекі, әдемі боп барамыз. Барлық жерде «кім тоқыды?» деп сұрап жатады. Жүрген жерімде Асемнің еңбегін жарнамалап жүремін. Қолына дерт бермесін», – дейді тұтынушы Мәншүк Тұрдыбаева.
Асем Ғайниқызының алға қойған мақсаты да көп. Болашақта дүкен ашып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға тоқыма өнерін тегін үйретсем деген ниеті бар. Осылайша, мұқтаж жандардың үйде отырып табыс табуыңа ықпал еткісі келеді. Тоқыма шебері секілді адал да өз саласының білгірлері бар кезде еліміздің экономикасы өркендей беретіндігіне кәміл сенеміз. Арманыңыз орындалсын, Асем!
Арай Марат