Асық – көнеден келе жатқан ұлттық ойын. Асық ойыны ережесі қарапайым көрінгенмен ептілік, ширақтық пен алғырлықты талап етеді. Ойын балалардың мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді. Қаламыздағы жастар да асық ойынынан құр алақан емес. Осы орайда, Рудный қаласының асық ату бөлімінің жаттықтырушысы Галинур Бектеновке жолығып, ұлттық ойынның қазіргі жай-жапсары, балалардың жеткен жетістігі жайлы біліп қайттық.
Қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық. Иіргенде түскен қалпына қарай алшы, тәйке, бүк, шік, ал арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы деп аталады. Кеңес өкіметі кезеңінде, ұлттық ойындар оның ішінде асық ойыны еріккеннің ермегі деген қарама қайшы пікір қалыптасты. Дей тұрғанмен асық ойынының тәрбиелік мәні зор. Ол баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, ұстамдылық пен алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелейді.
Ұлттық ойын соңғы уақытта мемлекеттік қолдауға ие болып, өзінің мәртебесін ала бастады. Елімізде Асық атудан түрлі жарыстар мен ел біріншіліктері өткізіліп келеді. Соның бірі — өткен жылдың 1-4 желтоқсан аралығында асық атудан тұңғыш рет өткен Азия чемпионаты. Жарысқа Казақстан, Моңғолия, Үндістан, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Пәкістаннан 80-ге жуық спортшы қатысқан. Ерлер асық атумен, қыздар бес асықтан тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Олардың қатарында жерлестеріміз де бар. Мариям Алиева 1 орын иеленсе, Аружан Сүйментай күміс жүлдегер атанған. Бұл бір ғана мысал. Мұнан бөлек, асық атудан Рудныйлықтардың қоржынындағы жетістіктерді санауға саусақ жетпес. Галинур Бектенов 2014 жылдан бері ойынға қызығушылығы бар жастарды тәрбиелеп, қаламызда ұлттық спортты дәріптеп келеді. Қазіргі таңда студенттер мен оқушылардан құралған бөлімде 15-ке жуық қыздар дайындалады. Олардың төртеуі Қазақстанның спорт шебері болса, екеуі Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Галинур Бектенов ұлттық құндылықтарды дәріптеп, асық ойындарын насихаттау басты мақсатым деп біледі. Айтуынша асық ойынының пайдасы оразан зор.
«Асық ойыны ойлауға, көздің көруін жақсартуға, қолдың моторикасын дамытуға септігін тигізеді. Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан. Ұлттық спорт жас ерекшелікке қарамайды. 6 жасар баладан 60 жасар қарияға дейін ойнауына болады. Ойын кезінде адамның тез қимылдауы, отырып-тұруы қимыл қозғалыс жасауы денсаулығың шыңдауға көмектеседі.»,- деді ұлттық ойын жанашыры Галинур Сүйментайұлы.
Асық ойыны маңызымен бапкердің алғыр шәкірті Мариям да келіседі. Ол — Қазақстанның 7 дүркін чемпионы. Қазіргі таңда Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқиды. Арманы — оқуын аман-есен тәмамдап, өзінің жолын жалғар, мақсатын орындар ізбасарларды тәрбиелеу, ұлттық ойынды өскелең ұрпақ арасында кеңірек насихаттау. Мариямның асық ойынына деген қызығушылығы кішкентай кезінен басталған екен.
«Мен кішкентай кезімде үйде ата-апаларыммен бірге ойнап бастадым. Мектеп қабырғасында 2-ші ,3-ші сыныптарда оқыған кезде асықты ер балалармен қосылып ойнағанмын. Кейін Галинур ағайымыз осы ойынды бізге көрсетіп, үйрете бастады. Алғашында асықты бұрыннан ойнайтындықтан маған қиындық туғызбады. Десе де бұрын асықтың орнына тасты қолданатынмын, асықпен ойнаған маған қызық көрінді. Сөйтіп жаттығулардан қалмай дайындықты бастап кеттім. Міне, бүгінгі күні осы спортпен айналысып жүргеніме 8 жылдай уақыт болды.»
Қазіргі таңда Галинур Сүйментайұлы шәкірттерімен алдағы болатын жарыстарға тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Спортышлар биыл Түркістан қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысып, жеңіске жетуге ниетті. Қаламызда мұнан өзге № 15, № 19 мектептерде асық ойынына қызығушылығы бар жастарды үйрететін спорт секциялары жұмыс істейді. «Асық атудың» пайдасы жөнінде мамандардың өздері де көз ауруынан құтқарады, қимыл-қозғалыс жасауға, денсаулықтарын шыңдауға көп пайдасын келтіреді деп айтқан. Ендеше, жас өрендердің бос уақыттарың тиімді пайдаланып, ұлттық спортты дамытуыңа бірге атсалысайық.