Қазіргі қоғамда жаназа және жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдық мәселесі өткір тұр. Бұл жөнінде 2018 жылы облыс көлемінде «Салт дәстүр және діни рәсімдер» атты конференция өткен. Оның нәтижесінде жұртшылыққа жаназа рәсіміндегі дастархан мәзірі ұсынылып, халықты ысырапшылдыққа жол бермеу үшін бірқатар мәселелерді орындауға шақырған еді. Десе де, әлі күнге дейін жұртшылық бұл шешімге құлақ аспай, асты тойға айналдыруды тоқтатар емес.
Жаназа және жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдыққа қатысты үкімнің шыққанына 6 жыл өтсе де, халық құдайы ас беру тәртібіне мойынсұнбай, той секілді шашылып өткізеді. 2018 жылы «Салт дәстүр және діни рәсімдер» атты конференцияда жаназадағы ас мәзір бекітіліп, зираттағы бейіттерге қатысты мәселелер көтерілген. «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзиннің айтуынша, жаназа рәсімдерін орындауға мынадай шешімдер бекітілді:
«Қазіргі таңда жаназа мәселесі алаңдатарлық жағдайда тұр. Өйткені, бір үйде бір адам дүниеден өтсе, сол үй қарызға белшесінен бататын жағдайға жетті. Елімізде «міндетті түрде жылқы сою керек, міндетті түрде кафеде той секілді өткізу керек, дастарқанды кең жаю керек» дегендей қате ұстаным бар. 2018 жылы 23 наурыз күні Қостанай облысында Торғай, Қостанай өңірінің ақсақалдары жиналып, үлкен кеңес өткізді. Сол басқосудың нәтижесінде мынадай шешім қабылданды: «Жаназа, жерлеу барысында дастарқан тойдыкіндей жайылмайды, түрлі тәттілер, жеміс-жидектер, түрлі салаттар дастарқанға қойылмайды, қазағымыздың төл тағамы ет-нан, я болмаса, ет пен күріш, шелпек бауырсағы, шәй дастарханына кәмпит, печенье қойылады. Шама шарқына қарай газды су және газсыз су қойылады»,-деген шешім қабылданған», деді «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин.
Қазіргі таңда қаралы жамылған үй дастархан жасау, ет, мал, қонақ деп шашылып, дарақылыққа жол береді. «Ал, шариғат ысырапшылдықты қолдамайды»,- дейді бас имам. Қазір бекітілген шешімге кейбір тұрғындар келіссе, ал кейбіреулердің дастарқаны тойға жайылғандай. Тіпті, асқа арнайы асаба жалдайтындар да бар.
«Жаназа рәсіміне байланысты қонақасы деген ас бар. Бұл басқосулар да кафеде беріліп жатыр. Бұрын елдің үлкен ақсақалдары және сырттан келген адамдар ғана бас қосатын еді және келесі күнгі жаназа рәсімін талқылайтын еді. Алайда, қазіргі таңда оны да қаралы болған үйдің мойнына жүктеп қойып, кафелерде өткізіп жатқан жәйі бар. Сол себепті, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Қостанай өңірі өкілдігі тарапынан біз осы қонақасыға бармаймыз деген шешім қабылдадық»,-деді бас имам.
Конференцияда көтерілген тағы бір мәселе — садақа астарында бірнеше адамның сөз сөйлеуі. Соңғы кездері аруақты еске алып, жақсы қасиеттерін тілге тиек етудің орнына, қайтқан адамды реті-ретсіз мақтап, жер-көкке сыйғызбай шектен тыс дәріптеу көбейді. Конференциядағы шешім бойынша санаулы адамның сөйлеуіне ғана рұқсат етілген. Сондай-ақ бейнеролик көрсетіліп, орамал, тақия таратылуға да тыйым салыныпты. Қайтыс болған адамның құлыптасына фотосурет, Құран аяты, өлең шумақтары салынуына да рұқсат жоқ.
Зерде Жеңіс