Ата жұртқа табан тіреген арман

Мырхыйевтер әулетінің Рудный қаласындағы өмір жолы – елге келген әр қандасқа үлгі

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақстан шеттегі қазақтарды тарихи отанына қайтару бағытында жүйелі және жан-жақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл – ұлтты ұйыстырудың, ел тұтастығын бекемдеудің, рухани тамырларды жаңғыртудың бірден-бір жолы. Мемлекеттің көші-қон саясаты мен әлеуметтік қолдауларының арқасында бүгінде миллионнан астам этникалық қазақ елге оралып, азаматтық алып, жаңа өмір бастауда.

2025 жылдың алғашқы тоқсанында 3 203 қандас Қазақстанға оралып, ресми түрде мәртебе алды. Бұл – тек сандар емес, бұл – мыңдаған тағдыр, мыңдаған оқиға. Әр отбасының өз тарихы, өз арманы, өз себептері бар. Солардың бірі – Өзбекстаннан Рудный қаласына көшіп келген Мырхыйевтер отбасы.

Көңілде жатталған көне арман

Әлімхан Малкаждарұлы мен жұбайы Марита Құдайбергенқызы Өзбекстан Республикасының Абай облысы Тамды ауданына қарасты Керізбұлақ ауылында өмір сүрген. Әлімхан Мырхыйев – мал дәрігері мамандығы бойынша білім алған, өмір бойы мал шаруашылығында еңбек еткен. Бірақ жүрегінде әрдайым бір арман жатқан.

– Біз бала кезімізден Қазақстан туралы, ата жұрт туралы естіп, оқып өстік. Қазақтың әйгілі еңбек ері Кәмшат Дөненбаеваның трактор айдап жүргенін газеттерден оқығанда жүрегіміз шымырлап, осы елге бір табан тіресек деген үміт оянатын. Қазақстан – арман болған мекен. Елге келіп, ұрпағымыз осы жерде өссе, өз тілінде сөйлеп, өз елінде еңбек етсе дедік, – деп еске алады ол.

2012 жылдың күзінде отбасы Рудный қаласына қоныс аударды. Алғашында көп нәрсе бейтаныс көрінгенімен, қаланың ыстық ықыласы мен қолдауы олардың бойына сенім ұялатты. Балалары мектепке, кейін жоғары оқу орындарына түсті, бүгінде қалада еңбек етіп жүр.

Рудный – тұрақ пен тыныштықтың мекені

Қалаға келген соң Әлімхан ақсақал 11 жыл бойы «ССКӨБ» кәсіпорнында слесарь болып жұмыс істеді. Кәсіпорын тарапынан оқыту, үйрету жұмыстары жүргізіліп, жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасалған.

– Бастапқыда аздап қорқыныш болды. Бірақ Рудный тұрғындары, кәсіпорын ұжымы бізді жақсы қабылдады. Үйренісіп, тіл табысып кеттік. Қазір зейнеткермін, бірақ осы қалада еңбек еткен жылдарымды мақтанышпен еске аламын. Еңбек еткен жерде еленесің. Тек ниет пен сабыр керек, – дейді ол.

Жұбайы Марита Құдайбергенқызы – фельдшер мамандығы бойынша ұзақ жылдар бойы қалалық емханаларда қызмет еткен. Бүгінде екеуі де зейнет жасында, үйде немере тәрбиесімен айналысып жүр. Бір немересі балабақшаға барады, ал ұлдары өз жолдарын тауып, еңбек етіп келеді.

– Үлкен ұлым – өрт сөндіруші, Төтенше жағдайлар басқармасында қызмет етеді. Ал екінші ұлым – фабрикада жұмыс істей жүріп, асабалықпен айналысады. Өнерге жақын. Өз қалауымен мамандық таңдап, қалаған өмірін сүріп жүр. Біз оларға тек бағыт-бағдар бердік, – дейді әке мақтанышпен.

Елге келгендердің бәрі бір-бір тарих

Отбасы алғашында 7 жылдай пәтер жалдап тұрған. Бірақ кейін «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болды. Қазір өз шаңырағында, ұрпақ өсіріп отыр.

– Біз келген кезде квота болмады. Қазір қарап отырсақ, мемлекет тарапынан жақсы қолдаулар көрсетіліп жатыр. Қоныс аударғандарға берілетін квоталар, жалдамалы пәтерге субсидиялар, жұмысқа орналастыру – барлығы нақты, жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. Осындай қолдаулардың арқасында көптеген таныстарымыз, туыстарымыз да көшіп келуге ниеттеніп отыр. Қазірдің өзінде бірнеше ағайын осы Рудныйда тұрады, – дейді Әлімхан ақсақал.

Ол сондай-ақ құжат рәсімдеуде, баланы мектепке орналастыруда, жұмысқа тұруда қарапайым әрі түсінікті жүйе қалыптасса, бұл көштің одан әрі жандана түсетініне сенеді.

Ұрпақ үшін жасалған таңдау

– Атажұртқа көшу – тек өз басымыз үшін емес, ұрпағымыз үшін жасалған таңдау. Біздің бабаларымыз кезінде түрлі себептермен шекара асып кетті. Бірақ енді елге қайту – парызымыз. Біз ұрпағымыздың өз жерінде, өз елінде өмір сүріп, өз тілінде сөйлегенін қаладық. Ұлдарым қалаған мамандығын оқыды, жұмысқа тұрды, отбасы құрып жатыр. Біз соған қуанамыз, – дейді ақсақал.

Отбасының шаңырағы – қонақжай, өнерлі. Әлімхан ата домбыра тартып, ән салады, өлең жазады. Немерелерін қазақы тәрбиеге баулып жүр. Қазақ тілін қадірлейді, ұлттың болашағы білімде екенін жиі айтып отырады.

– Көшіп келген қандастарға айтарым: бәрі өзіңе байланысты. Ақылмен сөйлеп, сабырмен бейімделу керек. Қала тұрғындарымен жақсы қарым-қатынас орната білсең, бәрі де жеңіл өтеді. Бұл – ортақ Отанымыз, біз бәріміз осы елдің ұрпағымыз, – дейді ол.

Мырхыйевтер отбасы – Қазақстанға оралған әр қандасқа үміт, әрбір этникалық қазаққа үлгі. Ата жұрт – тек географиялық ұғым емес, бұл – жүректің қалауы, ұрпақтың болашағы үшін жасалған шешім. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен қандастардың елге деген сенімі – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі. Бұл – ел болашағы үшін маңызды үрдіс, рухани жаңғырудың нақты көрінісі.

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

сурет отбасы

мұрағатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *