Олимпиадаға қатысушылар республикалық «Дарын» мектебінде сырттай білім алады.
Қазақстанда ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадаға өтініш қабылдау басталды. Өтініштер 20 қыркүйекке дейін Ауыл. Дарын сайтында қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушылары қатысады.
Зияткерлік жарыс төрт кезеңнен тұрады:
I кезең (іріктеу) – 2024 жылдың қыркүйегі;
II кезең (аудандық) – 2024 жылдың қазаны;
III кезең (облыстық) – 2024 жылдың қарашасы;
IV кезең (республикалық) – 2024 жылдың желтоқсаны.
«Олимпиада барысында ауыл мектептерінің оқушыларына толық қолдау көрсетіліп, олар алдағы зияткерлік жарыстарға дайындалу үшін республикалық «Дарын» мектебіне сырттай қабылданады», – делінген Оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.
Еске салайық, биыл ауыл оқушыларына арналған олимпиада Қазақстанда екінші мәрте өтеді. Ол Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтауға және дамытуға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олимпиаданың бірінші жылының қорытындысы бойынша ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 8 есеге артты.