Ауыл шаруашылығы субсидияларын алушылар үшін 2025 жылдан бастап жаңа қарсы міндеттемелер енгізіледі, деп хабарлайды Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі.
Жоғары аудиторлық палата нұсқамасын орындау аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттен субсидия алушыларға қарсы міндеттемелер енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Енді қолдау қаржысын алу нақты нәтижеге қол жеткізуге тікелей байланысты болады.
Нәтижесінде, биыл 25 маусымда субсидиялау қағидаларына ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жаңа қарсы міндеттемелерді енгізуді көздейтін өзгерістер енгізілді: АӨК ақшалай мәнде жалпы өнімінің өсуін қамтамасыз ету не өткен жыл деңгейінде сақталуы.
Міндеттемелерді орындау деңгейі субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесінде тіркелетін болады. Олар 2 жыл қатарынан орындалмаған жағдайда, субсидия алуға жаңа өтінім бере алмайды.
Өзгерістер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Ол уақытқа дейін, яғни 2024 жылы тиісті пилоттық жобаны іске асыру басталады.