Осындай атаумен тіл жанашырларының ұйымдастыруымен ұлт ұстазының туған жері Торғайға тағзым етіп, еңбектерімен танысып, өскелең ұрпаққа мұраларын насихаттау мақсатында ғылыми-танымдық экспедиция өтті.
Рухани іс-шараны тамыздың 22-23-і күндері «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Рудный қалалық мәдениет және тілдер бөлімінің тапсырысы бойынша Қостанай облыстық филиалы ұйымдастырған. Сонымен қатар, әлеуметтік тапсырыс аясында конференция, өзге ұлт өкілдеріне сабақ беретін ұстаздарға арналған семинар, экпедиция жұмысы және тарихты насихаттау жұмыстарының нәтижесі бойынша форум жоспарланған.
«Ахметтанушы, этнограф, журналист Ибраһим Ағытайұлы ақсақалдың ақ батасын алып аттанған экспедиция мүшелері, Ахаң ауылына аман-есен барып қайтты»,-деп жазды «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Заңғар Санай өз әлеуметтік парақшасында.
Бізді әуелі қарт Торғайдың қатпарлы тарихын, өңірден шыққан өр тұлғалар өмірдерегін насихаттаушы Гүлбану Сәрсекей қарсы алды. Гүлбану Құлетқызы отыз жылға жуық Торғайдағы рухани ошақтарды тоқырауға ұшыратпай, музей ісін ілгері жүргізіп отырған білікті басшы. Алақандай ауданда Шақшақ Жәнібек, Алаш арыстары Ахмет пен Міржақып, Ыбырай, Әліби, халық ақыны Нұрхан атамыздың музейі бар. Бес музей. Былтыр жаңғырған Ахаң мен Жахаңның әдеби музейі ерекше әсер қалдырды. Экспедиция мүшелері мол мағлұмат, тың ақпарат алды. Әсіресе ғылыми жұмыс,мақала, эссе жазатын ұстаздар мен оқушылар қос арыстың асыл мұрасымен сусындап, кеуде кеңістігіне кемел ой түйді деп ойлаймын. Енді экспедицияға барған мұғалімдер мен оқушылар ғылыми жұмыс,мақала,эссе жазуға кіріседі. Ең үздіктері марапатталады. Ахаң ауылына барып қайтқан жайсаңдарға «Qyr Balasy» қоғамдық қорының кітапханасынан “Ұлтты оятқан ұлы сөздер” кітабын сыйға тарттық,-дейді жазбасында.
«Ахаңа тағзым» ғылыми-танымдық экспедициясының басты миссиясы — өңірдің көрнекті жерлерін аралап қана қоймай, ғылыми жобаларды құнды ақпараттармен, зерттеулермен толықтыру. Осы мақсаттағы экспеция мүшелігіне үміткерлер көп болды дейді Рудный қалалық филиал төрайымы Қымбат Бірманова. Оның айтуынша, Рудный қаласынан музей қызметкері, колледж және мектеп басшылары, мектеп педагогтері мен мектеп оқушыларынан Ағаң рөлін облыстық деңгейде «Театр және балалар» байқауында сомдаған, қаламыздың белсендісі Анарбек Жолдасбек іріктеліп алынған.
«Көненің сарқытындай қойнауы мұраға толы таң-тамаша туындысы-Торғай мұражайлар кешені, әдеби мемориалдық мұражай таңқалдырды. Көз тоймас тамаша келбетіне тамсанып, тарихтың қатпарлы сырларына қанығып, ұлылардың ұлылығына сүйсініп қайттық. Бұл жер бүгінде көпшілік келетін әрі тағылымы мол киелі орынға айналған. Эспедицияның екінші күнінде Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне, музей-үйіне барып, мәдени дүниетанымызды кеңейтіп, қазақ халқының ғана емес, тереңнен пайдалы және қызықты ақпараттар алып, қайттық. Ұлт ұстазының аруағына құран бағыштап, рухына тағзым еттік.. Өңірдің тарих қойнауында жатқан сырға толы құпиялары жаңа зерттеулік жобаларға шабыттандырды. Аты алты алашқа мәлім киелі Торғай даласынан сыр шертетін осы асыл мұраларымыз халқымыздың сол кездегі тарихы мен мәдениетінен мол ақпарат береді. Мұражайға экспедиция мүшелерінің мұражайға саяхаттан рухани жәдігерлерге деген ерекше ықыласы артып, керемет көңіл-күймен ерекше әсер алып қайтты»,- деп өз әсерімен бөлісті Қымбат Исламбекқызы.
«Балаларға базарлық»,«Бақыт кілті» т.б кітап, жинақтардың авторы, өңірімізге танымал жазушы, экономика пәнінің оқытушысы және «Қарлығаш» баспасының директоры Әмір Әбутәліп қазақша кітаптар арқылы жас оқырман оқушылардың сауатты сөйлеуіне, ұлттық болмысымызды сіңіруге ықпал етуіміз керек екенін атап өтті. Кездесу барысында ұлттық тілімізді білуге, қазақша кітаптардың өрісін кеңейтіп, оқырман-оқушылардың зерделерін ашуға бастамашы болсын деп педагогтер мен білім мекемелерінің басшыларына кітаптар табыс етті. Сонымен қатар, мәдени қарым-қатынас орнату Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Рудный қаласы білім бөлімінің Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы» КММ басшысы Бірманова Қымбат Исланбекқызымен Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының Торғайдың «Жангелдин мұражайлар кешені» КММ басшысы Сәрсекей Гүлбану Құлетқызы арасында ынтымақтастық туралы келісім шарт жасалды. Келісім шарт мәдени ынтымақтастықтың үлгісі ретінде бірлескен жобалар мен бағдарламаларды, шараларды, оның ішінде виртуалды көрме, шеберлік семинарлар мен таныстырылымдар,портреттік сағаттар, кездесулерді өткізуге ықпал етпек.
Қатысушылардың пікірінше, өлке тарихы мен мәдениетінің рухани ордасы болып отырған мұражайлардың жас ұрпаққа берер қазынасы мол. Алдағы қыркүйек айында Рудный қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып, мектеп оқушыларымен Амангелді Имановтың мерейтойы қарсаңында тағы да тарихқа көз жүгіртіп, танымдық экпедицияға бару жоспарлануда.
Гүлім МҰРАТ