Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко халықпен кездесті
Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко биыл алғаш рет халық алдында есеп беріп, тұрғындармен ашық кездесу өткізді. Жиын барысында шаһар басшысы қаланың төрт ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, болашақтағы ірі жобалармен бөлісті. Алайда біз бұл мақалада кездесудің ең маңызды бөлігіне – қала тұрғындарының қойған сұрақтарына тоқталмақпыз. Өйткені халықтың тікелей сұрағы – шынайы мәселелердің көрінісі.
Екі жарым сағатқа созылған кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған түрлі сұрақтар қойды. Бірі жол жағдайын сөз етсе, енді бірі жарықтандыру мен абаттандыру, тұрғын үй тапшылығы, лифт мәселесі немесе қоғамдық көлік сапасына тоқталды. Бұл – қала өмірінің өзекті салалары.
Жол – өзекті мәселе
Қаланың жолдары соңғы жылдары басты сынға ұшырап келеді. Әкімнің айтуынша, Рудныйда 252 шақырым жергілікті жол бар, соның тек 47 пайызы ғана жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда. Ал қалғаны жөндеуді қажет етеді.
Жыл сайын жол жөндеуге бөлінетін қаражат артып келеді: 2023 жылы – 609 млн теңге, 2024 жылы – 2,5 млрд теңге, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,7 млрд теңгеге жетпек. Кездесу барысында әсіресе Горняков, Сандригайло, Парковая секілді көшелердің аты жиі аталды – бұл жерлерде апат саны күрт артқан. Алдағы жылдары 47 көше жөнделмек, оның ішінде қала мен Качар, Перцевка елдімекендері де бар.
Тұрғын үй және жаңа аудандар
Қаланың кеңейіп келе жатқан жаңа аумақтары – 19-микроаудан мен 36, 37, 38-кварталдар – енді жаңа тұрғын үйлермен толығуы тиіс. Аталған кварталдарда 1692 пәтерден тұратын 28 үй салу көзделген. Бұдан бөлек, тозығы жеткен 240 пәтерлік барак типіндегі үйлер сүріліп, тұрғындар жаңа үйлерге көшіріледі.
Әкімдік бастамасымен Тобыл өзенінің жағасында жаңа набережная салу жоспары бар. Жаңа демалыс орны бірнеше аймаққа бөлінеді – саябақтық, туристік және спорттық. Сонымен қатар үш жаңа сквер бой көтереді. Олардың біріне – Гагарин мен Ленин көшелерінің қиылысына – субұрқақ орнатылады.
Бала бақшадан – Smart-орталыққа дейін
Білім беру саласында да оң өзгерістер күтілуде. 2025 жылы 900 және 1200 орындық екі мектеп пайдалануға берілмек. Оның бірі – тек қазақ тілінде оқытатын «Жайлы мектеп» жобасымен салынбақ. Жаңа мектептер есебінен мемлекеттік тілде оқитын оқушылар саны айтарлықтай артады.
Сондай-ақ №2 гимназия жаңа мектепке көшіріліп, оның бұрынғы ғимаратында Smart-орталық ашу жоспарлануда. Бұл орталықта балалар техникалық модельдеу, 3D модельдеу, робототехника бойынша білім алады. Сонымен қатар, бұл ғимаратта балалар музыкалық мектебін ашу мәселесі де қарастырылуда.
Қоғамдық көлік жаңара ма?
Көлік мәселесі де тұрғындар назарында. Қазір Рудныйда 12 әлеуметтік маңызы бар маршрут бар, 2025 жылы оларды субсидиялау үшін 859 млн теңге қарастырылған. Қалалық тасымалдаушылар жаңа автобустар сатып алу үшін өтініштерін берген. Жақын жылдары көлік паркі біртіндеп жаңартылмақ.
Көше атаулары өзгермек
Рудный қаласында көшелерді қайта атауға байланысты алғашқы ресми қадамдар жасала бастады. Бұл туралы қала әкімі Виктор Ионенко тұрғындармен кездесу кезінде мәлім етті. Оның айтуынша, ономастика мәселесі 2023 жылдан бері талқыланып келеді. Енді, мораторий алынған соң, бұл процесс заңды түрде бастау алды.
Қала әкімдігінің ұсынысына сәйкес, облыстық ономастика комиссиясына үш көшенің атауын өзгерту туралы құжаттар жолданған:
— 50 лет Октября көшесі Ахмет Байтұрсынұлы көшесі болып өзгеруі мүмкін. Қазақ халқының біртуар ағартушысы мен ұлт ұстазының есімін беру – мағыналы шешім. Өйткені дәл осы көшеде университет пен педагогикалық колледж орналасқан.
— Иван Франко көшесіне — Бауыржан Момышұлының есімін беру ұсынылған. Кеңес Одағының Батыры, жазушы және қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі бұл көшемен тарихи үндес: мұнда интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш, «Жад қоңырауы» және тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан.
— 40 лет Октября көшесі — Михаил Сургутановтың есімімен аталуы мүмкін. Бұл көше өнеркәсіптік аймаққа апаратын жолдың бойында жатыр. Михаил Сургутанов – Сарбай кен орнын алғаш ашқан геолог, қаланың негізін қалаушылардың бірі. Сондықтан бұл таңдау тарихи тұрғыда әділетті.
Қала әкімі бұл ұсыныстардың барлығы тұрғындармен және арнайы бастамашыл топпен талқыланғанын атап өтті. Бұған дейін жүргізілген сауалнама нәтижесінде рудныйлықтардың пікірі екіге бөлінген: 54 пайызы көшелерді қайта атауға қарсы болса, 46 пайызы қолдау білдірген.
-Біз қаланың тарихы мен алғашқы құрылысшыларына құрметпен қараймыз. Бірақ уақыт алға жылжып келеді. Рудный картасында қазақ елінің тарихи тұлғалары мен батырларының есімі аталуы тиіс. Біз бұл процесті кезең-кезеңімен, ешқандай қысымсыз, сабырмен жүргізіп келеміз, – деді Виктор Ионенко.
Қазір құжаттар облыстық ономастика комиссиясының қарауында. Егер оң шешім шықса, мәселе қалалық мәслихат пен Қоғамдық кеңес қарауына шығарылады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, көшелердің атауын өзгерту тұрғындарға қосымша шығын әкелмейді – құжаттар атауы жоспарлы түрде, ауыстырылатын кезде ғана жаңартылады.
Айта кету керек, Қазақстанда көшелерді қайта атау процесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл тапсырма – ел картасында ұлттық батырлар мен көрнекті тарихи тұлғалардың есімін ұлықтауды көздейді.
Жауапкершілік – ортақ іс
Кездесуді қорытындылай келе, Виктор Ионенко қаланы дамыту үшін жергілікті билік, бизнес және тұрғындар бірлесе жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.
«Біздің міндетіміз – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру. Бірақ бұл тек әкімдіктің ғана емес, әрбір рудныйлықтың да қолдауын қажет ететін ортақ жұмыс», – деді әкім.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ