Ақсақалдар институтының рухани орны ерекше

«Ақыл-парасат, даналық туралы» тақырыпта жастармен кездесулер жалғасуда

2022 жылдың қараша айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің арнайы іс-сапарларының барысында Атырау, Ұлытау өңірлерінде болғанда «Қазақстан Халық Ассамблеясының жанынан құрылған «Ақсақалдар кеңесінің» қызмет аясын кеңейітіп, олардың әр өңірде жұмыстарын жүйелеп, жаңа серпін беруді, осыған орай керекті іс-шараларды қабылдауды тапсырды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде облыстық, аудандық, ауылдық деңгейде 1116 ақсақалдар кеңесі бар. Рудный қаласы әкімдігінің «Рудный қалалық ішкі саясат бөлімі» ММ қолдауымен Ақсақалдар кеңесі өз жұмысын осы жылдың бірінші жарты жылдығынан бастады. Кеңес қаланың ардақты, атақты, өмір тәжірибелері мол кісілермен іріктелген әр ұлттың өкілдерінен құрылған 14 адамнан тұрады.

«Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал, аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан, оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек. Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз», — деді Президент. Міне, қазіргі таңда нақтылы жұмыстар атқарыла бастады.

Сонымен қатар, өткен аптада Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік Ақсақалдар кеңесі төрағаларының қатысуымен республикалық отырыс өтті. Онда мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов «Ақсақалдар кеңесі еліміздің қоғамдық, мәдени және саяси өміріне, сондай-ақ этносаралық ахуал мен қарым-қатынасқа кері әсер ететін мәселелерді шешуге белсенді қатысады. Ұлттық құндылық пен дәстүрді сақтау, насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіп, өскелең ұрпаққа тәжірибесі мен білімін бөлісуде», — деп атап өтті. Осы орайда, ақсақалдармен жастар арасында жұмыс істеуде патриотизмді ілгерілету мәселесі басты назарда екенін байқадық. Сындарлы қарым-қатынасты нығайту және шешуде жәрдемдесу мақсатында халықпен, мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесулердің маңызы жоғары. Жалпы, өңірлік Ақсақалдар кеңесінің төрағалары отырысы дәстүрлі түрде өткізгенде жөн. Осындай мақсатта жуырда қаламызға облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы ғалым, профессор Қалқаман Жақып Хасенұлы ағамыз келіп, жергілікті қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Кеңес мүшелерімен жұмыс барысы жайында пікір алмасып, бағыт-бағдар берірлік ойларымен бөлісті.

Айт кететін жайт, айтылған тапсырмалардың бірегейі есебінде жастармен белсенді жұмыс жасап келеміз. Кеңес мүшелері бірқатар ағартушылық бағыттағы, сонымен қатар қаламыздың мәдени-саяси іс-шараларының басы қасында. Негізгі жұмысымыздың мақсаты да сол, қоғамдағы жалпыұлттық бірлікті нығайтуда ұрпақтар сабақтастығы мен байланысын қамтамасыз етуге және қазақи құндылықтар мен ана тіліміздің мәртебесін көтеру. Сонымен қатар, қала мектептері мен кітапханаларының басшыларына, қызметкерлеріне ұйымдастыру жұмыстарындағы қолдаулары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз.

Жаңбыршы ТІЛЕУҒАБЫЛОВ,

Рудный қаласы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *