Мектеп алаңдарында жазғы демалыс жалғасуда
Жазғы демалысты ұйымдастыру және балаларды сауықтыру бойынша жоспарланған жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Биылғы жылы қаланың қала сыртындағы лагерьлер желісі өткен жылдың деңгейінде сақталып, 2 нысанды құрайды: «Орленок» және «Чайка» балалар сауықтыру орталығы. Барлық лагерьлерде ағымдағы жөндеу, аумақты санитарлық тазалау жүргізілді. 5 ауысымда Рудный қаласының білім бөліміне қарасты мектептердің 1293 оқушысын қамту жоспарлануда Оның ішінде, жалпыға бірдей оқыту қорынан 6091,46 мың теңге сомасына 122 жолдама сатып алуға шарт жасалды.
Жасөспірімдерді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру мақсатында 1500 оқушыны қамтитын 20 көгалдандыру бригадасы, 300 оқушыны қамтитын 15 еңбек жасағы өз жұмысын бастады. 275 оқушы жазғы кезеңде жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында 14 жастан бастап 93 оқушы жастар еңбек жасағына «Жастар ресурстық орталығы» КММ жұмысқа орналастырылды. Жазғы демалыс алаңдарының бірі – Абай Құнанбаев атындағы жалпы білім беретін мектебіндегі жазғы мектеп алды алаңы. Оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, бос уақытынан тиімді пайдалану, және олардың жазғы демалысын қызықты әрі мазмұнды етіп өткізу мақсатында құрамына 90 оқушыны қамтыған «Балдәурен» атты мектеп алды жазғы демалыс алаңы маусым айынан өз жұмысын бастап кеткен.
Бүгінгі таңда алаңдағы арнайы отрядтарға бөлінген оқушыларға 10 тәрбиеші, 10 педагог-оқытушылар жоспарға сай бекітілген кесте негізінде математика, логика, информатика, орыс тілі, қазақ тілі пәндерінен қызықты дамыту сабақтарын өтіп, ән, би т.б. үйірмелерін қосымша алып барады екен. Атқарылып жатқан жұмыстар барысымен мектеп директоры Ерғазина Айзат Жұмағалиқызы тоқталып өтті.
— Аталмыш алаңның ішкі тәртібіне келетін болсақ, мұндағы тәлім алушылардың басым бөлігін 1-4 сынып оқушылары құрайды, сонымен бірге 5-сыныптың 15 оқушысы көгалдандыру, мектеп ауласындағы жылыжайға ағаштар, гүлдер, көгөністер жетілдіру жұмыстарына, 7-10-сынып оқушылары бояу, ақтау, сырлау жұмыстарына жұмылдырылып, оқытушыларына көмектесіп отырады. Лагерьдегі әр маусымның ұзақтығы 12 күн, қабылдау уақыты таңғы сағат 9:00-13:30 аралығы болып белгіленіп, түскі үзілісте яғни, 12:00 мен 12:30 аралығында балаларға бір мезгіл ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ, жазғы демалыс алаңы өмірінен мектептің инстаграм парақшасына әр күні жаңа ақпараттар жарияланып отырады. Мектеп алаңы оқушыларымызға ұнайды және олардың ата-аналары да ұжымға өз алғыстарын білдіруде. Сонымен қатар, балаларға жаңалық ретінде биыл алғаш рет маусым-шілде айларында оларды 2 рет Наурызым қорығына алып баруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін әрине бірінші кезекте ата-аналарының келісімімен лагерді үздік аяқтаған оқушыларды іріктеп аламыз,- деп атап өтті мекеме басшысы Айзат Жұмағалиқызы.
Балалар мектепке келгенде ең алдымен олардың дене температуралары тексеріліп, күн тәртібі бойынша таңғы жаттығуларын жасайды. Қызықты профильді алаң сағаттары, тамақтану, тақырып бойынша өтілетін іс-шараларынан кейін, бір-бірімен әсерлерін бөлісіп, кері байланыс жасайды. Қатысушы оқушылардың айтуынша, оларға оқытушыларының барлық сабақтарды көтеріңкі көңіл-күйде ұйымдастырып, мотивациялар беріп отыратындығы ұнайды екен. Кейбірі сурет сабақтарының таза ауада өтетінін, бірі жылыжайдағы жұмыстардың қызықты екенін қуанышпен жеткізді.
Әсем СҰЛТАН