Бала тәрбиесіндегі мұсылмандық бастаулар

Ислам дінінде балаға берілетін тәрбиенің орны қашан да бөлек. «Жастай алған білім тасқа қашап жазғандай», – деп дана халқымыз айтқандай, өскелең ұрпақтың санасы білімге ашық кезінде ұлттық дүниетанымымызбен сусындауы өте маңызды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттер 2022 жылдан бастап жергілікті жамағаттың бүлдіршіндеріне арналған «Құран» курстарын тұрақты өткізуде. Бұл курсттың тиімділігі, балалар тек діни сауат ашумен айналыспайды, сондай-ақ әдеп сабақтарын, салтымызға сіңген сүннеттер мен ғұрпымызға айналған дәстүрлерімізді бойына сіңіреді. Сонымен бірге мешіт имамдары жылдан жылға курстың мазмұнын тереңдету үшін еңбектенуде. Бұл бір жағынан имам үшін ұстаздық жолында жинақтаған тәжірибе болса, екінші жағынан жас жеткіншектер үшін ұлттық дүниетанымымызбен астарласып кеткен діни негіздерімізді дұрыс, сенімді кісілерден үйрену мүмкіндігі.

Бүгінде 20 шақты шәкірт тәрбиеленуде, олардың курсқа қатысуының мерзіміне қарай әртүрлі сатыдағы топтарға бөлінген. Жоғарғы топтағы балалар құранның 2 парасын яғни 40 бетін жаттап жатыр, одан кейінгі орташа деңгейлі шәкірттер 1 параны ашып жатыр, ал енді бастап жатқандар әріп танып, діни сауаттарын кеңейтуде. Дәріс аптасына екі рет: сенбі және жексенбі күндері 14:00-ден басталып 2 сағатқа дейін созылады.

– Бұл кесте арнайы демалыс күндеріне жасалды, себебі: балалар мектептен кейін зейін қойып білім алмайды, шашыраңқы болады. Жұмыс күндері спорттық секцияларына қатысуға және демалуға тиіс. Мектеп жасындағы кез-келген баланы қабылдаймыз, бірақ 2 сыныптан келгені дұрыс. Өйткені, ол жаста бала жазуды, оқуды таниды және онымен жұмыс жасаған жеңілдірек. Дәріс барысында құран беттерін жаттаудан басқа, ислам әдебін меңгереді, салауаттар мен дұғалар жатталады, – деді Рудный қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Балғабай Шәйкемелов.

Ислам дінінің шарттарының бірі: әрбір мұсылман өз білімін кеңейту, жаңа ақпараттарды бойына сіңіріп, жақсы адами қасиеттерге ие болуы керек. Ұстаздың айтуынша, олар сондай-ақ ұлтымыздың дәстүрлері мен тарихын, жеті ата, жеті қазына, би-шешендері мен ақын-жыраулардың айтқан сөздерін баяндап береді.

– Қазақ ұлты ежелден алғашқылардың бірі болып мұсылман дінің қабылдаған. Сол уақыттан бері дәстүріміз, тарихымыз және басымыздан өткеніміздің барлығы дінмен тікелей тығыз байланысты. Дін мен дәстүрді бөліп қарастыруға болмайды, ол екеуі құстың қос қанаты секілді егіз ұғым. Осыған орай, балаларға көбінесе дін мен дәстүр сабақтасқан тәрбие: адал-арам, жаман-жақсы сияқты арасын ажырату, ата-ананы құрметтеу, қоғамға игі істер жасау, білімді болу және діни тақырыптағы дәрістерді қосып, өзіміздің адамгершілік құндылықтарымызды үйретіп келеміз,- деп ұстаз өз сөзін толықтырды.

Сонымен қатар, ҚМДБ бастамасымен еліміздегі мешіттерде «Имани жаз» жазғы сауат ашу курстары мектеп оқушыларының жазғы демалысын пайдалы өткізу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан жоба сәтті жұмыс жасайды. Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу үшін қолайлы жағдай жасап, дәріс барысында балалардың ой-өрісін кеңейту, талғамын арттыру мақсатында өнегелі жұмыстар атқарылады.

– Ол кездері аптаның бес күнінде ұл-қыздарымыз сабақ өтеді, демалыс күндері балалардың көңілін көтеруге тырысамыз. Мысалы: табиғатқа шығады, көнеден келе жатқан садақ ату мен асық ойнау ұлттық спорт түрлерін үйренеді, кинотеатрда танымдық фильмдер көреді және футбол турниріне қатысады. Бұл іс-шаралар балаларды достыққа және бауырмалдылыққа үндейді деп сенеміз,- деді наиб имам Балғабай Шәйкемелов.

Балдырғандардан дәріс қалай өтетіні туралы да сұрадық.

– Ұстаз өте мейрімді кісі. Сабақ барысында әрқайсымызға сүреден беріп жаттатқызады, араб әліпбиін қайталап, әріптердің дұрыс жазылуын қадағалайды. Білім деңгейіне қарап тапсырмаларды орындаймыз. Демалыс күндеріне қойылғаны жақсы, сабақтарға мүлдем кедергі келтірмейді. Көбісіміз өз қалауымызбен жазылдық, ал ата-аналарымыз қолдады. Қазіргі күні ұялы телефонды аз қолданамыз, үйде құран оқимызжәне ата-әжемізге, ата-анамызға көмектесуге асықпыз, – деді курс қатысушылары.

«Иман күшті оларда, Мен жастарға сенемін!», – деп Мағжан атамыз жырлағандай, еліміздің тізгінін ұстап намысын қорғайтын иманды, білімді, намысты да жігерлі жастар көп болсын!

Сания САКТАГАН,

фотосурет түсірген: Алексей ФРОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *