Жаз – балалық шақтың ең жарқын мезгілі. Жыл бойы оқу ордаларында білім алып, түрлі сынақтардан өткен балалар үшін бұл мезгіл – демалып, бой сергітіп, жаңа достар тауып, есте қаларлықтай қызықты күндер кешудің мүмкіндігі. Осыған орай Рудный қаласында оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, оларды пайдалы әрі қызықты істермен қамту мақсатында 27 жазғы мектеп алаңы ашылды. Оның ішінде 7 алаңда балаларға ыстық тамақ қарастырылған. Бұдан бөлек, 17 еңбек жасағы ұйымдастырылып, жасөспірімдер бос уақытын пайдалы еңбекпен ұштастырып отыр.
Аталған бастаманың аясында Абай атындағы №18 жалпы білім беретін мектебінде «Балдәурен – 2025» атты мектепішілік жазғы сауықтыру алаңы өз жұмысын бастады. Бұл – тек лагерь емес, бала қиялына қанат бітіретін, достық пен мейірім, шапағат пен шаттық мекені.
Шаттыққа толы ашылу салтанаты
Лагерь жұмысы ҚР Мемлекеттік Әнұранымен салтанатты түрде ашылды. Балалардың жүзінде толқу мен қуаныш қатар байқалды. Олар бұл күнге үлкен дайындықпен келген. Әр жасақ өз туын, ұранын, белгісін мақтанышпен көрсетті. Салтанатты жиын ерекше форматта өтті – «Рейс Лето – 2025» атты әуе-саяхат бейнесіндегі көрініс сахналанып, балалар өздерін ұшаққа мінгендей сезінді. Жүргізушілердің бірі – ұшқыш, екіншісі – стюардесса кейпінде шығып, балаларды елестетілген саяхатқа шақырды. Бұл креативті идея лагерь өмірінің қызыққа, әсерге, шабытқа толы болатынын меңзегендей.
Жасақтар бірінен соң бірі сахнаға шығып, өз құрамын таныстырды. Түрлі ұран, көңілді ән, әсем би, жарқын күлкі – бәрі-бәрі балалар өмірінің нағыз мерекеге айналғанын көрсетті. Әр жасақтан екі тәлімгер ортаға шығып, барлық қатысушылар алдында ант қабылдап, балаларға жауапкершілікпен қарайтынын, оларға қамқор болып, жақсы көңіл-күй сыйлайтынын айтты.
«Балдәурен» – тәрбие мен дамудың ордасы
Аға тәлімгер Ардана Халыкова лагерьдің негізгі мақсаты мен бағытын айтып өтті.
«Жазғы сауықтыру алаңы балалардың физикалық және психологиялық саулығын нығайтып қана қоймай, оларды мейірімділікке, достыққа, адамгершілікке баулуға бағытталған. Сонымен қатар балғындардың таным көкжиегін кеңейтіп, шығармашылығын арттыру, белсенді өмір салтын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Қазіргі таңда «Балдәурен – 2025» лагерінде 120 бала демалуда. Олар 6 жасаққа бөлінген, әр жасақта 20 оқушыдан. Күн тәртібі таңғы сағат 9:00-ден түскі 14:00-ге дейін. Осы уақыт ішінде балалар таңғы жаттығу жасап, шығармашылық үйірмелерге қатысып, қызықты шараларға барады. Кинотеатр, бассейн, спорттық ойындар мен байқаулар – барлығы қамтылған. Бірінші маусым 2–13 маусым аралығында өтеді. Лагерь жаз бойы 2 апта сайын жаңарып, келесі маусымдар жалғаса береді»,- Ардана Халыкова.
Өнер мен достық мерекесі
Ашылу салтанатында балалардың өнеріне шек болмады. «Жемчужина» би ансамблінің керемет қойылымдары, кішкентай орындаушылардың орындауындағы әуендер, сахна төріндегі көңілді билер көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе балалар шырқап салған «Чебурашка» және «Крокодил» әндері көпшіліктің көңілін көтеріп, балғындардың өнерге деген қызығушылығын көрсетті.
Салтанатты шараның соңында барлық балалар мен тәлімгерлер бірлесе орындаған флешмоб биімен мерекелік көңіл-күй одан әрі жандана түсті. Шараның әрбір сәті балалардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Балалар пікірлері – лагерьдің айнасы
Балалардың өздері лагерь туралы жылы лебіздерін білдірді. Бұл олардың қуанышын, ризашылығын және лагерьдің бала өміріне тигізер оң әсерін дәлелдейді.
«Бұл – менің «Балдәуренге» төртінші рет келуім. Біз – “Миньонс” отряды. 29 бала бармыз. Мен өзім модельмін, актрисамын, ән айтып, биге қатысқанды жақсы көремін. Осындай лагерьлер мені шабыттандырады, жаңа достар табуға көмектеседі»,- дейді 4 «Ғ» сынып оқушысы Аяру Досназар.
«Маған лагерь өте ұнайды. Әсіресе ашылу салтанатындағы би қатты ұнады. Біз “Пиксар” отряды болып қатысып жатырмыз. Сыныптастарыммен бірге келдім. Көп достар таптым»,- дейді 2 «Ә» сынып оқушысы Аян Нартаев.
«Балдәурен – 2025» жазғы демалыс лагері – бұл тек уақыт өткізу емес, балалық шақтың жарқын естелігіне айналар өмір мектебі. Мұнда әр бала өзін еркін сезініп, шығармашылығын дамытып, достық пен сыйластықтың мәнін ұғынады. Осындай орталықтар арқылы балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып, олардың жазғы демалысы жарқын, мәнді де мазмұнды өтеді.
Айгерим БАХИТБЕК,
Суретті түсірген Айбар БЕРІК