Бақытқа бастар жол

«Отан – отбасынан басталады» немесе «Отбасы — шағын мемлекет» деген ұғымдардың қайсы бірін алсақ та, адамзаттың өмірі және оның айнымай сақталатын құндылықтыры жайлы өзегінде терең мән-мағына жатқаны байқалады. Кезектегі кездесулердің бірінде «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзинмен Исламдағы отбасының рөлі, отбасындағы әйел мен ер адамның бір-бірінің алдындағы атқаратын міндеттері жайлы сұхбаттасып, бірнеше сұрақтарға жауаптар алдық.

Ислам және отбасыны егіз ұғым десек те болады. Өйткені исламда отбасының алатын орны орасан зор. Пайғамбарымыздың с.а.у. хадис-шарифтерінде: «Үйлену сүннет, үйленіңдер, көбейіңдер қияметте мен үмметімнің көптігімен мақтанамын»  деген сөздері келтірілгенін айтып, бас имам Сабыржан Есмурзин әңгімесін одан әрі жалғастырды.

— Отбасы ол – кішігірім мемлекеттік моделі ретінде қарастырылады. Ер адам мен әйел адамға бірігіп отбасын құру ислам дінінде рұхсат етілген. Кез-келген азамат және азаматшаның отбасын құруға және ұрпақ сүюге құқығы бар. Мемлекеттің дамып өркендеуі отбасы институтының сақталуымен тікелей байланысты. Қазақ халқының өзіндік отбасылық мәдениеті, құндылықтыры, ұрпағына беретін тәлім-тәрбиесі ислам дінімен астасып жатыр. Жалпы алғанда ер адам мен әйел адамның алланың алдындағы дәрежелері тең болғанымен, олардың физиологиялық тұрғыдан өздеріне атқаратын жеке қызметтері міндеттеп берілген. Қасиетті құран кәрімде: «Ер адам әйел адамның алдында үстемдік етеді» деген аят келеді. Ал, шариғат заңдарында ер адамға отбасын қорғау асырау уәжіп болып табылады делінген, сондықтан да ол еңбек етіп, нәпәқа тауып отбасының басшысы, қорғаушысы, асыраушысы болады. Ал әйел адамның міндеті сол отбасының берекесін кіргізу, күйеуінің тапқан табысына разы болып, оны дұрыс бағытта пайдалану, ұрпақ тәрбиесімен айналысу т.б. үй шаруасына байланысты барлық қызметтер міндеттелінген. Шариғат талабы бойынша жұмыс жасап отбасына үлесін қосамын деген әйел адамға рұқсат етілгенімен, әйел адам отбасын асырауға міндетті болып саналмайтынын және бақытты отбасы құрудың тағы бір сыры бір-бірінің ата-аналарына тең құрмет көрсетуге, өсіп-өркендеулері үшін олардың ақ батасын алуға міндетті екендігі туралы толық түсіндіріп берді,- дейді бас имам.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда отбасындағы әйел мен ер адамның атқаратын қызметтері алмасып кетіп жатқан жағдайлар да кездесетінін және ол діннің немесе заңның әлсіздігінен емес, бәлкім адамдардың қолдан жасаған қателіктерінен туындайтын жағдайлардың бір көрінісі екенін де  атап өтті.

Сөз соңында, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, әрбір адамда өз отбасының құндылығын сақтау үшін бойындағы жаман қасиеттерімен күресіп, жақсы қасиеттерін арттырып, ең бастысы ер мен әйел бір-бірін құрметтеп, түсініп, өз орнымен міндеттерін атқарса ол отбасының ешқашан шыңырағы шайқалмайды. Бақытты отбасын жарату мен саналы ұрпақ тәрбиесі ең құнды дүние болып табылады.

 

Әсем СҰЛТАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *