Рудныйда «ERG» компаниясының кезекті құзыреттілік орталығы ашылды
«ERG» компаниясының төртінші құзыреттілік орталығы Рудный политехникалық колледжінің базасында ашылды. Жақында ғана мұнда заманауи цифрлық кабинет іске қосылды. Ұйым тау-кен өндірісі саласына қажетті болашақ мамандарды даярлауға қолдау көрсетіп, колледж қабырғасында шынайы өндірістік жағдайларға барынша жақындатылған оқу кеңістігін жасап берді.
Жобаның жалпы құны 45 миллион теңгені құрады. Цифрлық кабинет заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған: интернетке қосылған интерактивті тақта, 12 моноблок және 11 жиынтық VR көзілдірік бар. Бұл құрылғылар арнайы бағдарламалық қамтамасыз етумен толықтырылған. Студенттер осының көмегімен өндірістік үдерістер мен төтенше жағдайларды виртуалды ортада модельдеп, қауіпсіз жұмыс істеу мен шешім қабылдау дағдыларын меңгере алады.
– Бұл оқу кеңістігінің арқасында студенттер колледжден шықпай-ақ, өзін нағыз өндірісте жүргендей сезіне алады. Олар схемалар жинап, заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, виртуалды шындыққа еніп, нақты жұмыс орнының атмосферасын бастан кешіреді. Бұл кабинет бізге жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты, – дейді политехникалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Венера Косолапова. – Бұл – «ERG» компаниясының демеушілігімен жүзеге асқан жоба. Біз оларға шексіз алғысымызды білдіреміз. Олар біздің әлеуметтік серіктесіміз. Бұл біз үшін үлкен сыйлық болды. Біз осындай кабинет туралы армандадық. Енді студенттермен дәстүрлі форматта да, виртуалды түрде де жұмыс істей аламыз. Кейде бір сәтте жұмыс орнында болу қажет болады – енді бұл VR технологияларының арқасында мүмкін болып отыр. Кабинет колледжіміздегі барлық мамандықтарға, соның ішінде жалпы білім беру пәндеріне де қолжетімді.
«ERG» компаниясының өкілдері атап өткендей, өндірісті дамыту – ең алдымен білікті мамандарды дайындаудан басталады. Сондықтан білім беру мекемелерін қолдау – маңызды бағыт. Жаңа цифрлық кабинет студенттерге өндірістік жабдықтармен жұмыс істеуді, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік тәуекелдерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Осы бастама арқылы ERG түлектерге заманауи білім мен практикалық дағдылар беріп, олардың тау-кен өнеркәсібіндегі кәсіби жолына сенімді қадам жасауына жағдай жасап отыр.
Келесі жылы Рудный политехникалық колледжі мен «ССКӨБ» АҚ арасында әлеуметтік серіктестік орнағанына 70 жыл толады.
Қазір – технологиялар ғасыры. Күн сайын өндірістік үдерістерді жеңілдетуге арналған жаңалықтар пайда болуда. Соның барлығын игеріп, оқыту жүйесіне енгізу – уақыт талабы. Бүгінгі жастар цифрлық әлемге тез бейімделеді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, жаңа технологияларды білім беру процесіне енгізу – аса маңызды.
– VR көзілдірігін әлі қолданып көрмедім, бірақ компьютерлер әлдеқайда жылдамырақ, – дейді «Автоматтандыру және басқару» мамандығының 1-курс студенті Михаил Башков. – Кабинет ашылады деген жаңалықты естігенде қатты қуандым. Виртуалды шындық, жаңа компьютерлер – бұл үлкен серпіліс. ERG компаниясының қолдауының арқасында біз күрделі үдерістерді интерактивті түрде зерттеп, тікелей колледж қабырғасында практикалық машықтарымызды дамыта аламыз. Бұл жабдықтар ауқымды жобаларды жүзеге асыруға, ресурсты көп қажет ететін бағдарламалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Білім беру сапасының артуына жағдай жасап отырғаны үшін алғысымыз шексіз.
Тек 2024 жылдың өзінде ERG колледждерді жаңғыртуға 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлген. Сонымен қатар, ERG колледждер альянсының үздік педагогтары мен студенттері Қытай мен Германияның жетекші оқу орындарында тағылымдамадан өтуде. Өткен жылы «ERG» өз қатарына 737 түлекті қабылдап, рекордтық көрсеткішке жетті.
«ERG» компаниясы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде инвестиция салып келеді. Бүгінге дейін компанияның еліміздегі аймақтарға салған әлеуметтік инвестицияларының жалпы көлемі 400 миллиард теңгеге жуықтаған.
Гүлім МҰРАТ,
суреттерді түсірген
Назар МАДЖИДИ