Болашақ – білікті мамандар қолында

Рудныйда техникалық және кәсіптік білім беру саласында халықаралық конференция өтті

Рудный политехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы өзекті мәселелерге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алғаш рет 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл конференция «Сәтбаев оқулары» атауын алды. Іс-шара әйгілі кеңестік ғалым, қазақтың тұңғыш геологы Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына орай ұйымдастырылды. Бұл басқосу білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылау үшін елдің түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден педагогтар мен сарапшыларды біріктірді.

Конференцияға Қостанай облысының 24 колледжі мен Ресей Федерациясының 10 білім беру мекемесі қатысты. Жалпы қатысушылар саны – 178 адам. Конференцияның ашылу салтанатында Рудный политехникалық колледжінің директоры Аманжол Сағнаев бұл көрсеткіштің жыл сайын артып келе жатқанын ерекше атап өтіп, колледжге Қаныш Сәтбаевтың есімін беру туралы бастаманы жария етті.

Біздің конференция бірнеше жылдан бері өтіп келеді, сондықтан бұл үлкен жауапкершілік. Қатысушылар саны мен географиясының кеңеюі – білім саласында өзара тәжірибе алмасудың қажеттілігін көрсетеді. Біз осы бағытта табысты жұмыс атқарудамыз. Осындай конференциялар алдағы уақытта техникалық білім беру жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың артуы еліміздің болашағы үшін маңызды қадам. Дәл бір жыл бұрын біздің ұжым ұйымға Қаныш Сәтбаевтың есімін беру мәселесін бірауыздан қолдады. Біз қажетті құжаттарды жинап, оларды білім басқармасына, Рудный және облыс әкімдіктеріне ұсындық. Енді бұл бастаманың оң шешімін табатынына үміттенеміз. Колледждің жаңа атауға дайын екеніне қарамастан, қайта атау процесі уақытша тоқтатылды. Өйткені, қазір облыста көше, елді мекен атауларын өзгертуді ұсынған өтінімдер тым көп. Бірақ біздің бастамамыз қолдау табатынына сенімдіміз. Мұндай шешімдер уақытты талап етеді, – деді Сағнаев.

Оның айтуынша, колледж аты аңызға айналған ғалымның есімін иеленуге әбден лайық, өйткені Рудный – кен өндірумен тығыз байланысты қала, ал РПК ондаған жылдар бойы қала құраушы кәсіпорын – Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі (ССГӨБ) үшін мамандар дайындап келеді.

– Қаныш Сәтбаев өзінің бүкіл ғұмырын геологияға және кен орындарын игеруге арнады. Бұл есім еңбек, ғылым және прогрестің символы, ал біздің колледж – тау-кен саласына кадрлар даярлайтын негізгі орталық, – деп толықтырды ол.

Конференцияда техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы негізгі үрдістер мен инновациялар талқыланды. Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының әдістемелік орталығы директорының орынбасары Марал Боқаева конференцияның ерекше өзектілігін атап өтті.

– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл – техникалық білім беруге назар аударудың кезекті қадамы. Біз әріптестерімізбен бірлесе отырып, осы саланың дамуы мен болашағына қатысты негізгі мәселелерді талқылап жатырмыз. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі экономиканың негізін құрайды. Рудныйдағы халықаралық конференция осы саланың болашағына арналған нақты қадам болды. Іс-шара педагогтардың кәсіби деңгейін арттырып, жастарға сапалы білім беру жолдарын қарастыруға жаңа серпін берді, – деді ол.

Конференция аясында педагогтар жаңа әдістемелерді талқылап, өздерінің зерттеу жұмыстарын ұсынды. Іс-шараның бірегейлігі – ашық секцияларда тәжірибе алмасу. Қатысушылардың жұмыстары алдын ала іріктеліп, конференция қорытындысы бойынша үздіктер анықталады. Бұл жұмыстар республикалық деңгейде ұсынылуы мүмкін.

Конференцияның ашылуында Рудный политехникалық колледжіне Қаныш Сәтбаевтың есімін беру жөніндегі бастама да айтылды. Бұл идея қазақтың алғашқы геологының мұрасын құрметтеудің белгісі ретінде ұсынылды.

Рудный колледждері ERG компаниясымен тығыз жұмыс істеп, студенттердің кәсіби даярлығын жетілдіруде табыстарға жетіп отыр. Алайда, білім беру жүйесі әлі де бірқатар проблемаларға тап болуда. Әсіресе, арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік шеберлердің жетіспеушілігі байқалады. Мұғалімдерге қойылатын талаптардың артуы педагогтардан үнемі даму мен ізденісті талап етеді.

Конференция педагогтар үшін тек пікір алмасу алаңы ғана емес, сондай-ақ заманауи білім беру жүйесіндегі озық тәжірибелерді талқылау мүмкіндігін ұсынды. Іс-шара барысында орта техникалық білім берудегі басты трендтер мен инновациялар талқыланып, шеберлік сабақтары өткізілді.

Конференцияның қорытындысы бойынша білім беру жүйесін одан әрі дамытуға арналған ұсыныстар жасалып, педагогтардың кәсіби шеберлігін жетілдіру жолдары белгіленді. Қатысушылар Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасынан сертификаттар мен дипломдар алды. «Сәтбаев оқулары» тек техникалық білім беру мәселелерін талқылауға арналған алаң ғана емес, сонымен қатар Қазақстан экономикасының болашағына серпін беретін маңызды іс-шараға айналды.

Техникалық білім беру саласының дамуы – ел индустриясы үшін маңызды қадам. Рудный политехникалық колледжіне Қаныш Сәтбаевтың есімін беру – ұлы ғалымға көрсетілген құрмет қана емес, сонымен қатар жаңа буын мамандарын жігерлендіретін игі қадам болмақ.

 

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *