Рудныйда сыбайлас жемқорлық мәселесі талқыланды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі Рудный қаласында өткен кездесуде қоғам мен мемлекеттің бірлескен күресін баяндады.
Костанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті Рудныйда кең көлемді ақпараттық кездесу өткізді. Басты тақырып жемқорлықпен күрес, алдын алу шаралары, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Евгений Бедычтың айтуынша, жемқорлықпен күрес тек арнайы органның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген ашық қатер. Кездесуді Костанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бас маманы ашты.
«Біз бүгін жемқорлықпен күрес туралы ғана емес, адалдық мәдениеті туралы да айтамыз. Бұл әрбір азаматтың ішкі қағидасына айналуы тиіс», — деді ол.
Оның сөзінше, тек 2025 жылдың бірінші тоқсанында еліміз бойынша 707қылмыстық іс қозғалып, 300-ге жуығы сотқа жолданған. Мемлекет пайдасына 15 миллиард теңгеге жуық қаражат қайтарылған.
Қазір жол жөндеу мен қабылдау жұмыстары кезінде антикор-волонтерлер мен қоғам белсенділері арнайы рейдтерге шығып, мониторинг жүргізеді. Бұл нақты нәтижеге бағытталған ашық және тұрақты жұмыс.Сондай-ақ цифрлық құралдардың көмегімен сатып алулар саласында тәуекелдер автоматты түрде анықталып отырады. «Бір терезе» жүйесі арқылы бір тауардың әр түрлі бағамен алынуы бірден көзге түседі.
«Егер бір мекеме A4 қағазын 1800 теңгеге, екіншісі 3500 теңгеге сатып алса, бұл автоматты түрде тәуекелді аймақ ретінде белгіленеді. Біз ұсыныс хат жолдап, бағаны қайта қарауды сұраймыз», — деді спикер.
Тек осы жүйенің арқасында бір тоқсан ішінде өңірде 839 миллион теңге үнемделген.
Бизнес саласы да назардан тыс қалмаған. Апта сайын Костанайда кәсіпкерлерге арналған ашық алаң жұмыс істейді. Кәсіпкерлер әкімшілік кедергілерге шағымданып, тегін құқықтық кеңес ала алады.
«Егер жемқорлық фактісіне тап болсаңыз немесе күмәнді жағдайды білсеңіз, 1424 нөміріне хабарласыңыз. Бұл тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай call-орталық», -деді маман.
Сонымен қатар, шынайы ақпарат берген азаматтарға сыйақы төленеді. Зиян сомасының 10 пайызына дейін, бірақ 4000 АЕК-тен аспайды. 2024 жылы 104 азамат марапатталып, жалпы сомасы 35,5 миллион теңге төленген.
«Көпшілігі сыйақыдан бас тартып, азаматтық борышым деп білді. Ондай жандарға алғыс хат, марапат немесе басқа да қоғамдық құрмет түрлері ұсынылады», — деді ол.
Мемлекет пен қоғам жемқорлықпен күресте бір мақсатқа жұмылуда. Ел Президенті бастаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. 2014 жылы Қазақстан жемқорлықты қабылдау индексінде 180 елдің ішінде 132-орында болса, бүгінде 88-орында. 2026 жылға дейін алғашқы елу елдің қатарына қосылу мақсаты тұр.
«Бір адамның да жүйені өзгертуге шамасы бар. Біз болашағымыздың бүгінгіден әділеттірек және жарық болуын қамтамасыз ете аламыз», — деп Евгений Бедыч сөзін түйіндеді.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ