Батыр адамның тәні өшкенімен, жаны өлмес…
Елі, жері, халқы үшін соғысқан ардагерлеріміз үшін осы жыл ерекше. Биыл сұрапыл соғыстың оты тұтанғанына 80 жыл. Осынау ауыр қасіретті ұмытпай, келешек ұрпақ үшін жанын пида еткен ардақты ардагерлерімізді еске түсіру ниетпен біз Малшыбаұлы Сәлтен атамыздың немересі Ақмарал Сәлтеновамен сұхбаттастық.
– Биыл Ұлы Отан осғысына 80 жыл. Бұл күн сіздің отбасыңыз үшін қандай күн?
– Бір ғасырға жуық уақыт өтседе, ол сұрапыл соғысты көзімізбен көрмесекте оны естудің өзі біз үшін ауыр. Біз үшін өз өмірлерін отқа, кеуделерін оққа қойған. Ұлы Отан соғысы ең қайғылы, ең қасіретті болды. Отан үшін отқа түскен майдангердің немерелеріміз, біз үшін бұл күн атамызды еске алатын ауыр да, қастерлейтін күн.
– Атаңыз Сәлтен Малшыбаев туралы айтып берсеңіз. Соғысқа дейінгі өмірі және қалай соғыс алаңына түскені жайлы.
– Біздің атамыз Малшыбаев Сәлтен ата – анасынан екі жасында жетім болып қалған. Елге қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы басталғанда, атамыз 23 жастағы жас жігіт екен. 1942 жылы 25 маусымда өз қатарластырымен Отан қорғауға Қызыл Армия қатарына алынады. Жауынгерлік жолы Челябі облысының Шұбаркөл деген жерінде бастаған. Оңда 1-2 ай дайындықта болады. Кейін 151 атқыштар бригадысының құрамында майданға аттанады. Соғысқа алғашқы кіргенде жаяу әскер қатарында пулеметчик болды.
– 1943 жылы атақты «Курс» шайқасы орын алады. Бұл шайқаста талай жауынгер қаза тауып, үлкен жарақат алған. Қанды шайқаста Сәлтен атамыз қатысқан ба еді?
– Иә, осы үлкен шайқаста атамыз оң колынан жарақаттанып, госпительде екі ай емделеді. 1943 жылдан 1945 жылға дейін 59 ауыр артиллерия бригаданың құрамында болып, Белоруссияны, Украинаны, Польшаны, жаудан босатып, Кенигсберг қаласында соғысты аяқтады. Берлинді алғаннан кейін атамыз резервте болды. 1945 жылы Коммунистік Партия қатарына өтті.
Жан алып, жан берген майдан 1945 жылы аяқталып, Сәлтен Малшыбаұлы туған өлкесіне 1946 жылы оралған. Ардагеріміз марапатталынды, еңбегі бағаланды. «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», 1 дәрежелі Отан соғысы ордендері, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңген үшін», «Ерлік үшін» медальдары, Жоғарғы Бас Қолбасының алғыстарымен марапатталған.
– Елге оралғаннан кейін майдангер атамыздың өмірі әрі қарай қалай жалғасты?
– Атамыз қорқынышты соғысты да, қуанышты жеңісті де, кейінгі бейбіт өмірде көріп, соғыстан кейінгі қүйреген шаруашылықты қалпына келтіруге тер төккен. Атамыз тумасынан алғыр, зерек болғанымен жетімдік зардабын көрген. Тура айтатын, тік мінезді адам еді, бірақ немерелері деген де жаны басқаша еді. Біз үшін алма бағын, жеміс — жидектің түр-түрін өсірген. Атамыз өзінің балалық шағымен, соғыс туралы шешіліп ештеңе айтапайтын. Қараман әулетінің қара шаңырағын атамыз ұстаған. Отбасында өмірлік жолдасы Күлай әжемізбен бас қосқан. Соғыстан кейін туған ұлы, біздің әкемізді Сәлтенов Сақтағанды тәрбиелеп 6 немере көріп кетті. Бүгінде сол немереден бүгінде шөбелер болып, керегесі кеңейген әулетке айналдық. Бүгінде әр салада қызмет етеміз. Атамыз өмірінің соңғы 10 жылы төсек тартып қалды. Атамыздың күтімі анамыз мен әкеміздің және мектеп жасындағы немерелердің қарауында болды. Сәлтен Малшыбайұлы атамыз 1995 жылы 10 сәуірде Ұлы Отан соғысының 50 жылдық мерекесіне аз уақыт қалғанда дүниеден өтті. Мәңгілік мекені Амантоғай аулында жерленді. Осындай атаның ұрпағы болғанымызға біз мақтан тұтамыз.
Бұл күн жай ғана мереке емес, бұл – тарихтың таңбасындай ауыр күн. Жеңіс туы желбіресе де, жүздеген мың тағдырдың мұңымен көмкерілген күн. Сол сұрапыл соғыста ата-бабаларымыз ерлікпен жанын пида етіп, болашақ ұрпақтың амандығы үшін күресті. Біз бүгін сол ардагерлердің, сол боздақтардың алдында мәңгі қарыздармыз. «Ер есімі – ел есінде», – дейді халқымыз. Біздің парыз естен шығармау, естелікті ұрпаққа жеткізу, ерлікті үлгі ету. Өйткені, бейбіт аспанның әр күні сол батырлардың терімен, қанымен келген аманат.
Арай АХМЕТ,
суретті отбасы
мұрағатынан