Білімнің алғашқы қайнар көзі 1 сыныптан басталады. Қаламызда жаңа 2023-2024 оқу жылында мектептерде барлығы 1-11 сынып аралығында — 16 056 адам оқиды. Оның 1554-і оқушы бірінші сыныпқа барды. Бүгінгі сұқбатта Рудный қаласының білім бөлімінің басшысы Жайлибаев Темурхан Бекбергенұлы білім саласына қатысты сұрақтарға жауап береді.
– Биылғы оқу жылында қандай жаңашылдықтар пайда болды?
– Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде 1-4 сынып оқушылары үшін Рудный қаласының мектептерінде тегін тамақтану ұйымдастырылды. 6682 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Ағымдағы оқу жылында Рудный қаласының барлық орта білім беру ұйымдарында ыстық және буфеттік тамақтану ұйымдастырылды. Ыстық тамақтың құны орта есеппен – 515 теңге, буфеттік тағамның құны-340 теңге. Барлығы 6 жеткізуші қала мектептерінде тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетті («Экос» ЖШС, «Манабаева» ЖК, «Королева» ЖК «Аскаров» ЖК, «Бондаренко» ЖК, «Береке» ЖК). Бүгінгі таңда ысытық тамақпен баланы қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 37 миллион 107 мың теңге бөлінді.
– «Мектепке жол» акциясы қалай өтті?
– Аз қамтылған отбасыларға жалпы сомасы 24 млн 273 мыңға материалдық көмек көрсетілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына «ССКӨБ» АҚ, «Нұр» мешіті, Рудный қаласының әкімдігі, «Рудный су желілері» ЖШС, Рудный қаласының білім беру ұйымдары және жеке кәсіпкерлерден аса маңызды көмек көрсетілді. Оларға алғысымызды білдіреміз! Көмек көрсетуге дайын жандар көбейіп жатыр, бұл жағдай бізді қуантады. «Мектепке жол» акциясы тек оқу жылының басында емес, жыл бойы өз қызметін атқарады.
– ҰБТ бойынша 2024 жылы жаңа өзгерістер болады ма?
– Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылы ҰБТ-ға өзгерістер енгізіледі, деп хабарлады. Оның айтуынша, жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам ҰБТ тапсырмаларын жетілдіру болады. Тестілеудегі пәндер саны өзгеріссіз қалады-үшеуі міндетті және екеуі бейіндік. «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндері бойынша тапсырмалар саны бес сұраққа қысқарады. Бейіндік пәндер бойынша сұрақтар саны 40-қа дейін артады. Осылайша, ҰБТ-2024 тапсырмаларының жалпы саны өзгеріссіз 120 болып қалады: «Қазақстан тарихы» бойынша 20 тапсырма; «Оқу сауаттылығы» бойынша 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылық» бойынша 10 тапсырма; екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма бойынша. Ұпайлардың максималды саны да өзгеріссіз қалады-140. Алайда тестілеу уақыты қысқарады. Енді тест тапсыру үшін оқушыларға төрт сағаттың орнына 3 сағат 30 минут (210 минут) беріледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша уақыт 40 минутта сақталады. Биылғы жылы тағы бір жаңалық «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер үшін «Математикалық сауаттылық» пәнін міндетті түрде тапсыру болады.
– Мұғалімдер мәселесін қозғасақ, кадр мәселесі бойынша тапшылық барма? Қандай пәндерден аса қажет?
– Қазіргі уақытта Рудный қаласында 7 педагог бос жұмыс орындары бар: 3 математика мұғалімі, 1 орыс тілі мұғалімі, 1 информатика мұғалімі, 2 тәрбиеші. Жас мамандар жайлы айтсам, көрсеткіш жаман емес көптеген Рудныйлықтар басқа қаладан ЖОО-нан білім алып, біздің қалаға жұмысқа орналасады. Сол себептен биыл жас мамандар келуде және жұмыстарын жақсы нәтижеде атқаруда. Қазір жалпы мемлекет басшысының қолдауымен ұстаздар мәртебиесі қабылданды. 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілердің 30 пайызға, 1 қантардан мұғалімдердің 25 пайызға жалақысы өседі.
– Мектепте ғылыми, шығармашылық басқа да салалар бойынша баланы дамытуға бағытталған қандай секциялар жұмыс істеуде?
– Қазіргі уақытта мектепте де, қосымша білім беру ұйымдарында да қосымша біліммен, яғни үйірмелер мен секциялармен қамту шамамен 11,5 мың оқушыны құрайды (71,65%). Мектептерде 14 техникалық үйірмелер, оның ішінде робототехника бойынша 12 үйірме, 11 туристік-өлкетану үйірмелері, 10 экологиялық-биологиялық үйірмелер, 17 тілдік, 12 жаратылыстану-математикалық үйірмелер бар. Ең бастысы, әрине, көркемдік-эстетикалық бағыттағы үйірмелер-2,5 мыңға жуық оқушыны қамтитын 93 үйірме, қоғамдық-гуманитарлық, мысалы, пікірталас, әскери-патриоттық және басқалар-1000-ға жуық оқушыны қамтитын 53 үйірме, сонымен қатар сәндік-қолданбалы-574 оқушыны қамтитын 34 үйірме үздіксіз жұмыс істейді. Қазірі балалар шығармашылық болсын, ғылыми бағыт болсын өте дамыған. Облыстық, республикалық сайыстарға қатысып жүлделі орындар алып келеді.
Сөз соңында қалалық білім бөлімінің басшысы Темурхан Бекбергенұлы алдағы уақытта 2 мектептің ашылуын атап өтті. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталды, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен жоспар бойынша оқушылар жаңа мектепке барады. Білім саласы әрқашан маңызды аспектілердің бірі. Біздің оқушылар биік жетістіктерден көрініп, қаламыздың көркеуіне септіктерін тигізеді деп сенеміз!
Гүлім Мұрат