Темірхан Жайлыбаев білім беру жүйесіндегі бастамалармен бөлісті
Рудный қаласы еліміздің білім беру саласында дамып келе жатқан аймақтардың бірі. 2025 жылдың бірінші тоқсанында қалада білім беру ұйымдарының саны, оқу жылындағы жаңалықтар мен болашақ жоспарлар бойынша бірқатар маңызды өзгерістер орын алды.
Темірхан Жайлыбаевтың айтуынша, 2025 жылға арналған бюджет қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ету үшін 19 397 842,0 мың теңге көлемінде бекітілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 724 303,4 мың теңгеге көп. Бұл қаржы білім беру жүйесіне, әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды жақсартуға бағытталады.
«Бұл қаржы білім беру мекемелерінің жағдайын жақсарту үшін пайдаланылатын болады. Біздің мақсатымыз — балаларға сапалы білім берудің барлық мүмкіндіктерін жасау», — деді Жайлыбаев.
Қаладағы білім беру ұйымдарының желісі 21 мектеппен қалыптасқан. Оқушылар саны 16 708 болса, оның ішінде 417 бала мектепке дейінгі дайындық сыныптарында оқиды. Кешкі мектепте 120 оқушы білім Қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта қалада 16 мемлекеттік және 6 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Олардың ішінде 4 балабақшадағы топтар қазақ тілінде, 10 топ орыс тілінен қазақ тіліне ауыстырылған. Қалалық білім бөлімінің басшысының айтуынша, жоспар бойынша 2025 жылы тағы да 6 топты қазақ тіліне көшіру көзделген. Осы жылы МЖК ауданында жаңа балабақша ашылды, ол 280 орынға арналған.
«Балаларға мектепке дейінгі білім беру мүмкіндігін барынша кеңейту үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Қазақ тілінде білім беру де басты назарда», — деп атап өтті бөлім басшысы. Балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 73,1% құрайды, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 96,4%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етілген. Бұл қалада білім алу мүмкіндігі бар әр балаға жағдай жасалғанын көрсетеді.
1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталды
Биылғы жылдан бастап құжаттарды egov.kz веб-порталы арқылы тапсыру жүйесі енгізілді. Осыған байланысты «Сакура» жүйесі арқылы құжаттарды қабылдау тоқтатылды. Темірхан Жайлыбаевтың айтуынша, бұл өзгеріс мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен білім беру жүйесін цифрландыру бағытында жасалған маңызды қадамдардың бірі.
«Цифрландыру арқылы құжаттарды қабылдауды жеңілдеттік. Бұл жүйе тұрғындарға ыңғайлы болар деп сенеміз», — деді Жайлыбаев.
Мемлекеттік тілдің дамуы мен білім беру жүйесіндегі өзгерістер
Қаладағы 20 мектептің 4-еуі қазақ тілінде білім береді. Бұл мектептерде 158 сынып-комплект жұмыс істейді. Мемлекеттік тілдің дамуы басты назарда. Жайлыбаев Темірхан атап өтті, бұл мақсатта жаңа оқу жылында 5 сыныпты қазақ тілінде ашу жоспарланған. Сондай-ақ, 2025 жылы қалада қазақ тілінде 900 орындық жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Бұл жаңа мектеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынады. Қаладағы білім беру мекемелерінде қазақ тілінде оқытуға үлкен мүмкіндік жасалып отыр.
«Жаңа мектептің құрылысы қаладағы білім беру жүйесін нығайтып, қазақ тілінің дамуына зор үлес қосады», — деді Темірхан Жайлыбаев.
Қауіпсіздік пен тамақтандыру
Қала мектептерінде қауіпсіздік жүйесі жаңартылуда. Барлық мектептерде аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылып, мектептердегі қауіпсіздік, тамақтану және кітаптарды есепке алу жүйелері автоматтандырылды. Жайлыбаев Темірханның айтуынша, қала мектептерінде оқушыларға ыстық тамақ ұсынылады, оның ішінде 6 708 оқушы 1-4 сыныптар үшін тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары да тегін тамақпен қамтылған. Тамақтанудың сапасы мен уақтылы ұйымдастырылуын бақылау үшін арнайы комиссиялар құрылды.
«Оқушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына айрықша назар аударамыз. Тамақтанудың сапасы да үнемі бақылауда болады», — деп мәлімдеді бөлім басшысы.
Қосымша білім беру мен болашақ жоспарлар
Қаладағы қосымша білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Темірхан Жайлыбаев өз сөзінде қалада «Еуразиялық ресурстар тобы» компаниясының бастамасымен жаңа 1200 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде деп хабарлады. Бұл білім беру мекемесі 2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс.
«Қосымша білім беру мен жаңа мектептер — қала білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған басты қадамдар», — деп атап өтті ол.
Жазғы демалыс және балабақшалардағы жаңа мүмкіндіктер
Жазғы демалыс балалар үшін қуанышты оқиғалар мен жаңа бастамаларға толы болмақ. Бұл жылы қалада бірнеше жаңа жоспарлар жүзеге асырылуда, олардың бірі – жазғы лагерьлердің жұмысын кеңейту. Жазғы демалысты ұйымдастыру үшін балаларды түрлі іс-шаралар мен бағдарламалар күтеді. Жазғы лагерьлер мен мектеп алаңдарында балалар спорттық, шығармашылық және тәрбиелік шараларға қатыса алады.
«Оқушылардың жазғы демалысы сапалы және пайдалы болуы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Жолдамалар сату 4 сәуірден басталады. Жолдамаларды сатып алу үшін ата-аналар қажетті құжаттармен бірге білім бөліміне келуі керек. Жолдама құны – 53 645 теңге», — деп қорытындылады Жайлыбаев.
Қаладағы білім беру жүйесінің болашағы жарқын, бұл үшін қажетті шаралар мен жобалар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Жаңашылдықтар мен жаңартулар білім беру саласының дамуына зор ықпалын тигізіп, балалардың білім алу сапасын арттыруға бағытталған.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті түсірген автор