Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу жайлы қаулыны қабылдады.
Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» үкімет қаулысына өзгерістер енгізіледі.
«Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Осылайша, Қазақстанның бүкіл аумағына 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.
«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» үкіметтің 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Астана мен Алматының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа қою керек», – делінген хабарламада.
Қазір Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.