Бүгін – Шоқан Уәлихановтың туған күні

Шоқан Уәлиханов (шын есімі Мұхаммед Қанафия) 1835 жылдың 3-қарашасында Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Құсмұрын жерінде дүниеге келді.

Шоқан – Еуропа мәдениетін мол игеріп, неміс, француз, орыс тілдерін, әдебиетін терең таныған жан. Ол тек өз халқы ғана емес, көрші қырғыздың, Қашқардың, Қытайдың, Жоңғарияның мәдениеті, әдебиеті, тарихы, философиясы, жағрафиясы жайлы құнды еңбектер жазып қалдырған ғылым иесі. Қоғамдық құрылысты, патшаның отаршылдық саясатын, халқының басындағы теңсіздікті көріп, сол ауыртпашылықты жою жолында күрескен қоғам қайраткері.

Патшаның отарлау саясатында қазақтың бай да дархан даласын иемдену үшін қанаудың жаңа түрін шығарған «сот реформасын» қатты сынады. Қалың бұқара халық бұл реформадан еш жақсылық ала алмайтынын айтып, «халықтың мұң-мұқтажына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды, ең керекті реформа – экономикалық және әлеуметтік реформа» екендігін ашына айтқан еді. Бала күнінен-ақ Шығыс шайырларының атақты шығармаларын оқып, жазып алып, алтын қазына әдебиетіміздің қорына қосқан әдебиетші, публицист, Сарыарқаның саңлақтары Орынбай, Арыстанбай, Жанақ ақындардың өлең-жырларын, Ақан Сері, Біржан сал секілді ән мен күй майталмандарының әсем әндерін тыңдап, санасына құйып өскен Шоқан қазақтың бағына біткен жарық жұлдызы.

Шоқан аз өмірінде халқының елдік қасиетін көтеріп, мәдениеті жоғары елдермен терезесі тең дәрежеге жетуін армандаған. Сонда жалғыз қазақ халқы емес, тарихы бір тамырлас, тілі де, діні де, ділі де бір Орта Азия халықтарын тұтас ойлайды, бірге өсіп, бірге дамуын ойлайды. Шоқанның Орта Азия мен Азия халықтарының тарихы мен географиясына арнап жазған ғылыми еңбектердің алғашқы іргетасын қаласқан географ, қазақтан шыққан тұңғыш суретші екені де әлем өнерпаздарына әйгілі.

Туған еліне деген сүйіспеншілігі, қазақ халқының қарапайымдылығын, халқының ән мен жырға әуес екендігін, тек қана әуестеніп қоймай, бұл өнерді ерекше меңгергендігін аса білгірлікпен көркем сөзбен де жазып қалдырған.

«Қазақтар өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген,… әсіресе өлең-жырлары еш өзгеріссіз ауызша тарағанына адам айтса нанғысыз қасиет, бұл күмән келтіруге болмайтын шындық», — деп, халқымыздың ертеден сақталып келе жатқан бай ауыз әдебиетін, заман ағымын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін мақтан ете жазған. Ш. Уәлихановтың ғылымда ең үлкен еңбектерінің қатарына алғаш рет қырғыздың «Манас», «Сәметей» жырларын жазып алып, даланың «Илиадасы» мен «Одиссеясы» деуі де бұл шығармаларға берілген баға. Ол аталған шығармаларды қырғыз еліне саяхаты кезінде жазып алған.

Шоқан өмірі туралы талай шығарма жазылды. Әлкей Марғұлан, С.Бақбергенов, С. Мұқановтың Шоқан туралы жазған еңбектерін болашақ ұрпақ ғалым Шоқан туралы өшпес мұра деп біледі. «Шоқан – гуманист адам. Бүкіл адам қоғамының теңдікке жетуін арман етті. Бұл – оның арғы арманы. Бергі арманы – туған елі қазақтың елдігін, шаруасын, мәдениетін Еуропаның, орыстың дәрежесіне көшіру. Ой саласының қалыптасу жағынан келгенде, мартен пешінде балқып тұрған болатқа ұқсайды. Ал, жалпы біліміне келгенде, не деген – зор эрудит! Әсіресе тарихтан, философиядан, эстетикадан, этнографиядан, гуманитарлық білімдерден, әдебиеттен, табиғатты танудан да білетіндігі толып жатыр», — дейді Сәбит Мұқанов «Жарқын жұлдыз» романында. Ғалым еңбектері, пікірлері орыс зерттеушілерін қазақ, түрік халықтары тарихын, әдебиетін, дүниетанымын зерттеуге жол салған құнды туындылар.

Ж.ИСАКАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *