Қалалық «Нұр мешітінде» әйел жамағатына арналған республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері психолог және аналитик мамандарымен кездесу өтті. Жиында жалпы исламдағы әйелдің орны, әйелдердің білім алуы мен жұмысқа белсенділігіне ислам дінінің ұстанымы сөз болды.
«Нұр мешітінде» әйел жамағатына арналған «Дін мен дәстүр сабақтастығы» атты семинар өткізілді. Келелі кездесу барысында Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығынан» келген теолог маман Талшын Қожахметова жиылған жұртқа уағыз-насихат айтып, исламдағы әйелдердің орны, отбасы татулығы, ұлт мәдениеті, ұлттық құндылықтар жайлы баяндады.
«Бүгінгі күні ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасымен Дін істер комитеті қасынан құрылған республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесімін. 5-9 маусым аралығында Қостанай облысына арнайы экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында түсіндірмелік топпен бірге келдік. Семинарда қозғайтын негізгі тақырыбымыз – Ислам дініндегі әйелдің рөлі, зайырлы мемлекеттегі діндар әйелдің тұлғасы, еліміздегі жат ағым жетегінде кеткен әйелдердің көрген зардаптары. Яғни деструктивті ағымның қатарында кеткен әйелдердің бастарынан өткен оқиғаларымен бөлісеміз. Сондай-ақ кездесуде кейінгі қазақ аналарын, қазақ қыздарын жат ағымның ықпалдарынан сақтандыруды көздеп отырмыз», — деді теолог маман Талшын Қожахметова.
Сондай-ақ кездесуде Ислам атын жамылған түрлі жат ағымдардың іс-әрекеттері, олардың адамға да, қоғамға да орасан қауіп-қатері жан-жақты талқыланды. Талшын Зарқымқызы әйел жамағатының діни радикалдар қатарына «кетуіне» жол бермеу мақсатында атқарылған жұмыстармен бөлісті.
«2017 жылдары ол кездегі Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» жобасы іске қосылды. Жоба аясында мешіттер төңіректерінде республика бойынша дін мен дәстүр сабақтастығы, ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі сүннетік жолы ханафи масхабы аясында түсіндіріп, қазақы аналарымыздың бітімі жайлы көп семинарлар, іс-шаралар өткізіп, күні бүгінге дейін жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз», — деді теолог маман.
Әлеуметтік желілерде экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнероликтер, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламалары толассыз өрбіп барады. Сол себепті кездесуде діни ағымдардың насихаты үшін таптырмас алаңға айналып отырған әлеуметтік желілер туралы да айтылды. Сонымен қатар адамдардың теріс жолға түсіп, адасуының бірден-бір себебі – діни сауатсыздық.
«Сирия елінен Жусан гуманитарлы операциясымен елге оралған Отандастарымызбен, яғни әйелдермен оңалту жұмыстарын атқарып жатырмыз. Жұмыс негізінде шет елге кетудің негізгі мақсаты немесе негізгі жолы қалай болды деп сұрағанымызда олардың басым көпшілігінің жауабы діни білімсіздік болады. Әсіресе, діни білімді мешіттер, дін орталықтарынан алмай, керісінше интернет желісінен алып, кейін жат ағымның етегіне еріп кеткендерін байқамай қалады. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде қарқынды түсіндірме жұмыстарының арқасында қыз келіншектерді жат ағымның ықпалдарынан сақтандыру жұмыстарын атқарып жатырмыз», — деді Талшын Зарқымқызы.
Рухани кешке барлығы 10-ға жуық ақ жаулықты әжелер мен қыз келіншектер қатысты. Жат ағымның айла шарғысына түсіп кетпес үшін әйел жамағатына дінді дұрыс зерттеп, діни білімді ресми жерлерден ғана алуға кеңес берілді.
Зерде Жеңіс