Діни тәрбиенің қайнары

Нұр мешітінде дәстүрге айналған «Имани жаз — 2025» жазғы сауат ашу курсы басталды

Аталған курс – лагерь жыл сайын балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізіп, дінге баулуына арналған. Бұл 3 апталық курста 8 бен 15 жас аралығындағы бозбалалар мен бойжеткендер имандылыққа, Құран әліппесін оқуға және әдептілікке үйренеді.

— Жыл сайын өтетін жазғы курс 9 маусымнан 30 маусымға дейінгі аралықта өтеді. Сабақтар дүйсенбіден жұмаға дейін, таңғы 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. Сенбі және жексенбі – демалыс күндері. Ұлдар мен қыздарға арналған екі бөлек топ бар. Қазіргі таңда қыздар тобында 10-ға жуық бала тіркелген, — дейді Рудный қалалық мешітінің ұстазы Темірлан Бақай.

Бұл курстың ерекшелігі жас буынға ислам дінін жеңіл, түсінікті тілмен үйрету. Сабақтар барысында имандылық, мінез-құлық әдебі, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды рухани құндылықтар кеңінен қамтылады.

Сонымен қатар, курс аясында жас жеткіншектер үшін түрлі танымдық әрі көңілді демалыс іс-шаралары ұйымдастырылады: паркке бару, кинотеатрға апару сынды уақытты тиімді өткізудің жолдары қарастырылғанын Темірлан ұстаз атап өтті.

— Алдағы уақытта балаларға арналған қоғамдық-мәдени демалыс түрлері қарастырылып жатыр. Оқушыларымызды паркке серуендеуге немесе кинотеатрға алып баруды жоспарлап отырмыз, — ұстаз Темірлан Бақай.

— Ата-аналар баласын мешітке өздері әкеліп, өтініш білдіреді. Бұл курс — жазғы демалысты пайдалы өткізуге, жат ағымнан алшақ болуға, иманды жастарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосатын бағдарлама, — дейді Нұр мешітінің әйел-қыздар секторының ұстазы Перизат Жәнібекқызы.

«Имани жаз» жай ғана курс емес, ұрпақ тәрбиесіне арналған рухани алаң. Ислам дінінің негіздерін үйретіп қана қоймай, адамгершілік пен ізгілікті бойға сіңіретін бұл шара – бүгінгі баланың ертеңгі болмысына бағыт-бағдар болары анық. Курсқа жазылу үшін мешіт әкімшілігіне немесе әлеуметтік желілерлегі парақшаларға жазуға болады.

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *