Діни экстремизм – ұлтқа төнген қауіп

Қоғамымызда діни экстремистердің қапы қалдырып, талмау тұстан ұрып, есеңгіретіп кетіп жүрген кездері аз кездескен жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда діни экстремизм қауіп-қатерінің астында өмір сүріп жатырмыз деп айтуымызға толық негіз бар. Егер бұл тұжырымымыз дәлелсіз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген кезде «Діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру қажет екеніне ерекше тоқтала келіп, «Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек», деп алаңдаушылық білдірмеген болар еді.

Қоғам – баршамызға ортақ. Ендеше, ондағы ауқымды мәселелерді еңсеру – тек биліктің немесе қандай да бір салалық құрылымның ғана емес, баршамыздың міндетіміз. Діни экстремизм және терроризммен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Рудныйдағы «Нұр» мешітінің ұстазы, әрі әкімдіктің теолог маманы Бақытжан Абдибеков баяндаған болатын.

– Бүгінгі таңда Қостанай облысында, соның ішінде Рудный қаласында жат ағымдар саны айтарлық көп емес. Өңіріміз 2021 жылы діни экстремизммен күрес көрсеткіштері бойынша жоғары орынды иеленді. Айтпағым, Аллаға шүкір, бізде жат ағымдармен жұмыс қарқынды жүріп жатыр, облыстағы барлық мешіттерде осы орайда теолог-ұстаздар жұмыс жасайды.

Рудный қалалық «Нұр» мешітінде қазіргі таңда аптасына 3 рет жат ағым етегінде жүрген жамағатымызға оңалту дәрістері оқылады. Ақида (Құдайды тану) және араб тілі, одан қалсын қазақылықты дәріптейтін дін мен дәстүр тақырыптарын қамтып отырмыз, – дейді ол.

Жалпы, қоғамымызда діни экстремизм қаупін қайтсек төмендетеміз деген сұраққа лайықты жауап берілмей тұрғаны рас. Осы орайда мамандардың, қоғам мүшелерінің ұсыныс-пікірлері маңызды. Олардың ойлары атқарушы билік тарапынан ескеріліп жатса, діни экстремизм қаупін сейілтуге белгілі бір деңгейде әсер етеді деп үміттенеміз.

– Біріншіден, жат ағым ретінде элементтері бар радикалды ұйымдардың қызметіне тыйым салатын нақты, талабы қатал заң қабылдау қажет. Сонда ділімізге, дінімізге қайшы келетін көріністерге заңмен тосқауыл қойылады. Сондай-ақ, экстремистік ұйымдарды жат ағым ретінде нақты тану мүмкіндігі кеңейеді, – дейді  Бақытжан Жарқынбекұлы.

Маманның айтуынша, радикалдық ұйымдар кез келген уақытта жиһад жариялап, елдің шырқын бұзуы әбден мүмкін. Сондай-ақ олар қазақтың шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрлерін жоққа шығаруы, намаз оқымағанды кәпір деуі және басқа да мәселе бойынша ел ішінде бүлік шығаруы ықтимал. Сирияға кеткендер – радикалды ұйымдардың «жемісті еңбектерінің» көрінісі. Кезінде еліміздің батыс өлкесінде ойран шығарғандар да осы радикалдар.

– Жат ағымның жетегіне шырмалған кейбір адамдар әлеуметтік жағдайының төмендігінен,
жұмыстың жоқтығынан жат ниеттілердің жетегінде жүргенін айтады. Осындай жандардың жағдайын жасап, жұмыспен қамтамасыз ету оларды бұрыс жолдан қайтарудың жақсы амалы, – деп өз сөзін түйіндеді мешіт
қызметкері.

Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *