Дәрігерлерге әлеуметтік қолдау берілуде

Рудный ауруханасының бүгінгі тынысы мен болашақ бағдары қандай?

Бүгінгі таңда Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы 250 мыңға жуық тұрғынға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіп отыр. Үшінші деңгейлі кардио, нейро және перинаталдық орталықтар белсенді жұмыс істейді. Ауруханада 883 қызметкер еңбек етуде. Кадр тапшылығы, қаржылық қиындықтар мен жабдықтардың ескіруі секілді түйткілдер бар. Дегенмен, мекеме басшылығы медициналық көмектің сапасын жақсарту жолында нақты қадамдар жасап келеді.

Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы аймақтағы ең ірі медициналық ұйымдардың бірі. Мекеме тек қалалық тұрғындарға ғана емес, Қостанай облысының Жітіқара, Қамысты, Денисов және Лисаков сынды өңірлерінен келетін 250 мыңнан астам тұрғынға үшінші деңгейлі стационарлық және амбулаториялық көмек көрсетеді. Аурухананың құрамында кардиологиялық, нейрохирургиялық және перинаталдық орталықтар жұмыс істейді.

Аурухана 4 ғимараттан тұрады, жалпы аумағы 46 мың шаршы метр. Медициналық қызмет 17 профильдік бөлімше, екі жансақтау бөлімі, травматологиялық пункт, госпитальдық фармация және басқа да қосалқы құрылымдар арқылы жүзеге асады.Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 7940 пациент стационарда ем алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 140 адамға көп. Сондай-ақ 820 ауыл тұрғынына медициналық көмек көрсетілген. Соңғы алты айда 3240 адам аурухананың қабылдау бөліміне келіп, алғашқы көмек алғаннан кейін амбулаторияға жіберілген. Бұл – аурухананың жұмысы қаншалықты қарқынды екенін көрсетеді. Шұғылгоспитализация көрсеткіші 72,3%, бұл өте жоғары деңгей. Дегенмен, осы тығыз жүктемеге қарамастан, жалпы өлім-жітім деңгейі 3,3%-дан 2,4%-ға дейін төмендеген.

«Бұл көрсеткіштер біздің күнделікті еңбегіміздің айғағы. Бұл жерде әр минуттың құны бар, себебі көбіне мәселе адам өміріне қатысты», – дейді аурухананың бас дәрігері Вячеслав Шелубаев.

Аурухананың негізгі бағыттарының бірі – қан айналымы жүйесі ауруларымен күрес. 6 ай ішінде 246 адам инсультпен,125 адам миокард инфарктісімен емделді.

«Бізде ангиографиялық құрылғы 13 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның қызметінің арқасында жүрек пен ми тамырларын дер кезінде ашуға, өмірді сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бірақ құрылғы моральдық әрі техникалық тұрғыдан ескіріп қалды. Биыл оны жаңарту жоспарланып отыр», – дейді бас дәрігер.

Бүгінде мекемеде 883 қызметкер еңбек етеді: олар 110 дәрігер, 335 орта медициналық қызметкер, 273 кіші медицина қызметкері. Жаңа келген мамандар қатарында 5 дәрігер, 16 медбике, 35 кіші қызметкер бар.Дегенмен, кадр тапшылығы мәселесі өзекті болып қала беруде.

«Терапевт, педиатр, кардиолог секілді базалық мамандармен қатар, бізге кардиоинтервенттер мен клиникалық фармакологтар өте қажет. Қазіргі таңда медициналық білім алу ұзаққа созылады, әрі бұл мамандықтар үлкен кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан біз резиденттерге де тұрғын үй беріп, әлеуметтік қолдау көрсетуге тырысамыз», –дейді Вячеслав Шелубаев.

Биылғы жылы аурухана бюджеті 9,6%-ға артқан. Алайда кредиторлық берешек мәселесі толық шешілген жоқ. Берешек 2023 жылдың соңында 942 млн тг, 2024 жылдың басында – 637 млн тг, қазір –499 млн теңгені құрайды.

«Біздің міндетіміз барлық науқасқа дер кезінде және сапалы көмек көрсету. Бірақ, қаржы тапшылығы жалақы көтеруге немесе қосымша сыйақы беруге мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде кадрлардың жеке клиникаларға ауысуына себеп болады», – деп бас дәрігерВячеслав ойын жеткізді.

Дегенмен, жергілікті бюджет есебінен бірқатар техника алынып, наркозды-тыныс алу аппараты, неонаталдық мониторлар, жаңа тоңазытқыш камералар сатып алынған.

Аурухананың басты мақсаттарының бірі – сапаны арттыру және инновациялық әдістерді енгізу.

«Бізде бұрын кардиохирургия бөлімі болған. Қазір қажетті материалдар мен мамандар болса, оны қайта жаңғыртуға мүмкіндік бар. Бұл тек біздің емес, облыс үшін де маңызды бағыттардың бірі», –дейді Шелубаев.

Сонымен қатар, нейроинтервенциялық көмекті дамыту да күн тәртібінде тұр. Бұл инсульт кезінде тамырларды шұғыл ашуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялардың арқасында аурухана тек өмірді сақтап қалушы ғана емес, сапалы өмірді ұзартушы медициналық орталыққа айналмақ. Аурухана бұл ғимарат емес, бұл – адамдардың өмірін сақтап қалуға арналған ұлы күрес алаңы. Рудный қалалық көпсалалы ауруханасы сол алаңда күн сайын күресіп келеді. Қаржы тапшылығы мен кадр жетіспеушілігіне қарамастан, ақ халатты абзал жандар өмір үшін жан салып, әр күнді жеңіспен аяқтауға тырысады.

 

Жанарай

НҰРМАХАНБЕТОВА,

суреттерді түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *