Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан, буллинг және кибербуллингтен қорғау және көмек көрсетудің арнайы әдістемесі бекітілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов мәлім етті.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мақсатында полицейлер жұмысының алгоритмі әзірленді. Оған сәйкес өгей ата-анамен тұратын балаларға ерекше назар аударылады. Өткен жылы желтоқсанда мемлекеттік органдармен бірлесіп зорлық-зомбылыққа, буллинг және кибербуллингке ұшыраған балалар мен жасөспірімдерді анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы әдістеме бекітілді», — деді Әсет Оспанов ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, барлық өңір бойынша әкімдік жанынан балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін ведомствоаралық мобильді топтар құрылды.
«Оның құрамына бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлері және учаскелік полиция инспекторлары кіреді. Жедел ақпарат алмасу ватсап-чаттардың көмегімен жүргізіледі», — дейді ол.
KAZINFORM