Ел бірлігінің жарқын нышаны

Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 34-сессиясы өтті. Салтанатты жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етіп, қатысушылар алдында сөз сөйледі. Биылғы сессияның тақырыбы — «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл».

Президент өз сөзінде Ассамблеяның тарихи рөліне, бүгінгі қоғамдағы орны мен болашақтағы миссиясына ерекше тоқталды.

«Ассамблея — Қазақстан халқының бірлігін бекемдейтін ерекше құрылым. Оның жұмысы күнделікті көзге көріне бермейді, бірақ нәтижесі – терең, стратегиялық маңызы бар. Бұл — тұрақтылық пен келісімнің, бейбітшілік пен бірліктің бастауы»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ҚХА-ның жыл сайын ел ішінде атқарып жатқан жұмыстарын нақты мысалдармен атап өтті. Мәселен, 2023 жылы Ассамблея 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып, шамамен 1 миллион адамды қамтыған. Сонымен қатар көктемгі тасқындар кезінде зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Жүректен жүрекке» жобасы шеңберінде 12 мың волонтер гуманитарлық көмек жинап, бүлінген үйлерді қалпына келтіруге атсалысқан.

ҚХАел ішіндегі бейбіт өмірдің кепілі

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылды. Бүгінге дейін бұл ұйым этносаралық татулықтың, дінаралық келісім мен қоғамдық бірліктің басты тұғырларының біріне айналды. Бүгінде ел аумағында 124 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мемлекет бұл этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, өзара түсіністікті арттыруға ерекше мән береді.

2025 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асты. Ең көп үлесті қазақтар (14,2 млн), орыстар (2,9 млн), өзбектер, украиндар, ұйғырлар, немістер, татарлар, әзербайжандар және корейлер құрайды. Бұл еліміздегі этностық алуан түрлілік пен рухани байлықтың нақты көрінісі.

Қостанай делегациясы сессияға белсенді қатысты

Сессияға Қостанай облысы атынан қатысқан делегацияны облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов бастап барды. Құрамында этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен жастар өкілдері болды. Бұл — Ассамблея жұмысына барлық буынның, бүкіл қоғамның қатысып отырғанының көрінісі.

Рудный қаласынан Қостанай облыстық ҚХА мүшесі, қоғамдық кеңес мүшесі, Рудный индустриялық университетінің басқарма мүшесі – проректоры Айдын Сәбитов Маратұлы да сессияға арнайы делегат ретінде қатысып, өзінің әсерімен бөлісті.

«Мен Алматыда қарапайым көпқабатты үйдің ауласында өстім. Біз — әртүрлі ұлттың балалары — бір допты қуалап, тәттілерімізді бөлісіп, бауыр басып өстік. Бізге ешқашан «мынау бөтен» деген түсінік болған жоқ. Бәріміз бір үйдің баласындай едік. Бірге Наурыз тойлап, Пасха мен Жаңа жылды қарсы алдық. Осы аула мен үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының бейресми символы сияқты. Әртүрлі болғанымызбен, бір мақсат, бір жүрек, бір арман бізді біріктірді», — деді ол.

Оның айтуынша, ҚХА тек ресми құрылым ғана емес, ол — халықтың өмірлік ұстанымына, күнделікті тәжірибесіне айналған құндылық. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл ұстанымның маңызы тіпті арта түсті.

«Ассамблея – бұл тұрақтылық пен сенім алаңы. Егер біз ел ішіндегі бірлікті сақтай алсақ, экономикамыз да, ғылымымыз да, біліміміз де қарқынды дамиды. Мақсатымыз — ортақ. Жолымыз — бір. Бүгінгі таңда әлемде түрлі саяси дағдарыстар болып жатыр. Кейбір елдерде этносаралық және дінаралық қайшылықтар туындап отыр. Осындай кезде Қазақстанның бірлік пен келісім моделі халықаралық деңгейде үлгі бола алады. Бұл — біздің еліміздің басты артықшылығы», – деді Айдын Сәбитов.

Тілалауыздық құралы емес, бірліктің тірегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сессия барысында елдегі тіл саясаты туралы нақты әрі батыл мәлімдеме жасады. Президент елімізде ешкімнің азаматтарға қай тілде сөйлейтінін айтуға құқығы жоқ екенін атап өтті. Бұл – жеке еркіндікке қол сұғу ғана емес, қоғам ішіне іріткі салуға бағытталған арандатушылық деп бағаланды.

«Қазақстанда ешкім азаматтарға қай тілде сөйлеу керектігін бұйыра алмайды – бұл тұрмыста болсын, ресми мінберде болсын. Әсіресе әлеуметтік желілерде немесе басқа платформаларда тілге қатысты араздық тудыру әрекеттері заңмен қатаң жазаланады. Мұндай арандатуларға жол берілмейді. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылықты шайқалтуды көздейтін ішкі және сыртқы деструктивті күштердің тәсілі. Біз мұны ашық айтамыз және заң аясында тиісті шара қолданамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл бірінші сыныпқа баратын оқушылардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алатынын, ал Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың 80 пайызы қазақ тілін таңдағанын мысалға келтіріп, мемлекеттік тілдің аясын кеңейту — табиғи әрі өздігінен жүріп жатқан үдеріс екенін атап өтті.

«Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс. Бірақ бұл үрдіс мәжбүрлеусіз, табиғи жолмен жүруі керек. Біз ешкімнің тіліне қарсы емеспіз. Әрбір азамат қай тілде сөйлейтінін өзі шешуі тиіс. Ал қоғамға іріткі салғысы келетіндер заң алдында жауап береді», – деді Мемлекет басшысы.

Айдын Сәбитов: «Тілқару емес, көпір болуы тиіс»

Айдын Сәбитовтың айтуынша, тілге қатысты арандату әрекеттерін болдырмау — баршамыздың ортақ міндетіміз.

«Біз кейде тілге қатысты пікірталастарда бір-бірімізге қарсы тұрып қаламыз. Бірақ шын мәнінде, тіл – халықтарды бөлу құралы емес, керісінше біріктіруші көпір болуы тиіс. Мен орыстілді ортада өсіп, қазақ тілін кейін меңгердім. Қазір екеуін де еркін қолданамын. Бұл мені бөлген жоқ, керісінше байытты. Ең бастысы – өзара құрмет пен түсіністік», – дейді ол.

Айдын Сәбитов тіл мәселесін саясиландырмау керек деп санайды. Оның айтуынша, қазір қазақ тіліне деген сұраныс артып келеді және бұл үрдіс мәжбүрлеусіз, шынайы қажеттілік негізінде жүріп жатыр.

«Жастар қазақ тілін өз еркімен үйреніп жатыр. Университетімізде де қазақ тіліндегі контентке сұраныс артты. Біз бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан халықпыз. Әр тіл – ұлттық байлық. Біз әртүрлі болсақ та, бір мақсат үшін еңбек етіп келеміз. Сондықтан тіл – тек байланыс құралы емес, рухани біріктіруші күш. Алдағы уақытта университет ішінде Ассамблея жастарының жұмысын жандандырсақ деген ойдамыз» , – деді ол.

«Президент Тоқаев сессия барысында еліміздің негізгі құндылықтарын атап өтті: бірлік, патриотизм, тәуелсіздік, келісім. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты темірқазығы. Тіл, дін, ұлт мәселесінде араздық емес, өзара құрмет пен түсіністік басым болуы керек. Әсіресе қазіргі күрделі геосаяси жағдай кезінде ішкі ынтымақ пен тұрақтылықтың маңызы артып келеді. Сондықтан Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойында берілген бұл үндеу – жай сөз емес, болашаққа бағытталған стратегиялық бағдар. Президенттің сөзімен айтқанда, «кім қоғамды іріткі салуға бағытталған әрекетке барады — сол заң алдында жауап береді. Ал елдің бірлігі мен ынтымағы үшін еңбек етіп жүрген азаматтар әрқашан құрметке ие болады»,- деп түйіндеді Айдын Маратұлы.

 

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,

суретті ұсынған

Айдын Сәбитов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *