Бірлік – ынтымағы мен берекесін бірге ұстаған еліміздегі ең биік ұғым әрі ғасырлар бойғы дана халқымыздың бойына сіңген асыл қасиеті. Бабаларымыз ынтымақ пен татулықты, ортақ келісім мен ауызбірлікті, жарасымдылық пен сыйластықты мүдделі түрде еліміздің біртұтастығын сақтауда әрдайым биік мақсат етіп қойған.
Еліміз басынан қиын-қыстау заман кешіп, қуғын-сүргінге ұшырап, тағдырдың қатал сынынан өтті. Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында, бүгінде, мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі.
Елдегі діни келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі. Осы уақыттың ішінде біз күллі әлемге өзіміздің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігімізді дәлелдедік. Бүгінгі таңда Қазақстанда татулығы мен ынтымағы жарасқан, мақсаты мен мұраты ортақ 120-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Елдегі әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Мәселен, бір ғана Рудный қаласын алайық.
Рудный – алып өнер-кәсіптік қуат пен мәдени-тарихи даралық ұштасқан ғажайып қала. Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті мен тамаша дәстүрін насихаттауда кеншілер шаһарының ұлттық шығармашылық ұжымдары сүбелі үлес қосып келеді. «Калина», «Мрия», «Байрам», «Жадыра» және «Соседи» атты шығармашыл ұжымдар тұрғындардың ерекше ықыласына, құрмет-қошеметіне ие.
Бұл бірлестіктер қаланың тыныс-тіршілігіне белсене араласуымен бірге, ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытуға ұйытқы болып келеді. Сондықтан қала басшылығы мұндай мақсаттағы бастамашы орталықтарға әрдайым қолдау көрсетіп, осындағы ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тілдерін, рухани бірлік, халықтар
достығы, қалыптасқан ұлтаралық келісім идеяларын одан әрі нығайтуға ыңғайлы жағдай жасауда.
Қуантарлығы, бүгінде қала тұрғындарының, оның ішінде, балалар мен жасөспірімдердің арасында ұлттық бірлестіктердің өнеріне деген қызығушылығы күннен-күнге артып келеді. Бұны жиі өтіп тұратын түрлі мәдени шаралардан байқауға болады. Бұл – ұлттық шығармашылық ұжымдардың нәтижелі жұмысының жемісі.
Ел бірлігіне баса назар аударған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет», – деген Президент тұжырымы Отанын сүйген әр азаматтың жүрегінен орын тебуі керек.
Айдын АСҚАР
газета «Рудненский рабочий»