2025 жылдан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа шаралары енгізіледі. Бұл шаралар жасырын табыстарды анықтауға және заңсыз кәсіпкерлік қызметке тосқауыл қоюға бағытталған.
2022 жылғы 29 наурыздағы № 323 ҚР Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, бір жеке тұлға үш ай қатарынан кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ақша қаражатын алатын болса, бұл тексеру жүргізуге негіз бола алады.
– Жаңа жылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар басшылары және олардың жұбайлары бойынша ақпарат ұсына бастайды. Бұл салық органдарына табыстарын жасырып, кәсіпкер ретінде тіркелмегендерді анықтауға мүмкіндік береді, – дейді Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанна Тұрғанова.
Көптеген кәсіпкерлер тауарлар мен қызметтер үшін төлемдерді жеке шоттарға қабылдауды жалғастыруда. Алайда 2025 жылдан бастап ережелер қатаңдатылады. Жаңа критерийге сәйкес:
• Жеке тұлға, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ақша қаражатын алады.
• Жалпы түсім көлемі ең төменгі жалақының үш еселенген мөлшерінен асады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 255 000 теңге).
– Бұл өзгерістер салық төлеуден жалтарғандарды анықтап, адал кәсіпкерлер үшін тең жағдай жасауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұл экономиканы ретке келтіріп, бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға ықпал етеді, – дейді маман.
Жаңа шаралар бизнестің ашықтығын арттырып, нарықтың барлық қатысушылары үшін әділ жағдай жасауға бағытталған.