Ережеп айының қасиеті қандай?

Ережеп айы – Исламдағы қасиетті төрт айдың бірі болып есептеледі.  Бұл ай Алланың айы деп аталады.  Бұл айда исра және миғраж түні және рағайып түні бар. Сондай-ақ Пайғамбар сүннет еткендей нәпіл ораза ұстауға болады. Ережеп айының маңыздылығы жайында қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рақым айтып берді.

– Ережеп айының мұсылмандар үшін маңызы қандай?

– Ережеп айы – исламда қасиетті деп танылған төрт айдың бірі. Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі – құрметті айлар…» деп айтылған. Бұл ай – жақсылық пен берекенің бастауы. Мұсылмандар үшін Ережеп айы Шағбан мен Рамазан айларына рухани дайындық кезеңі болып саналады.

– Бұл айда қандай ерекшеліктер бар?

– Ережеп айында екі қасиетті түн бар: Рағайып түні және Миғраж түні. Рағайып түні – дұғалар қабыл болатын ерекше уақыт. Ал Миғраж түні – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) көкке көтерілген күні. Бұл түні Алла тағала Пайғамбарымызға (с.а.с.) көптеген мұғжизалар көрсетіп, бес уақыт намазды парыз етті. Сондықтан мұсылмандар бұл айда құлшылықтарын арттырып, кешірім тілеуге, игі істер жасауға ұмтылуы керек.

– Ережеп айында ораза ұстаудың маңызы қандай?

– Бұл айда ораза ұстаудың үлкен сауаптары бар. Хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмбетімнің айы», – деген. Сондай-ақ, «Ережеп айында бір күн ораза ұстаған адамға Жәннатта сүттен ақ, балдан тәтті өзеннен сусындау нәсіп етіледі» деген де хадис бар. Сондықтан, әр мұсылман осы айда Алла разылығы үшін ораза ұстап, нәпіл намаздар мен зікірді көбейтсе, үлкен сауапқа ие болады.

– Оразаны қай күндері ұстау керек?

– Ережеп айының басында, ортасында және соңында үш күннен ораза ұстау – мұстахаб (ұнамды) амал. Яғни, әр аптаның бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза тұтуға болады. Хадисте «Кімде-кім харам айларындағы бейсенбі, жұма және сенбі күндері ораза ұстаса, оған жеті жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады» делінген.

– Бұл айда қандай ізгі амалдарды жасау ұсынылады?

– Мұсылман баласы бұл айды барынша пайдалы өткізуі керек. Ол үшін:

  1. Намаз бен зікірді көбейту – түнгі намаз оқып, Алладан кешірім сұрау.
  2. Ораза ұстау – сауаптары өте жоғары.
  3. Қайырымдылық жасау – мұқтаж жандарға көмек беру, садақа беру.
  4. Кешірімді болу – араздасқандар бір-бірімен татуласуы керек.
  5. Құран оқу – Құранды оқып, оның мағынасын түсінуге тырысу.

– Ережеп айы мен Рамазан айының байланысы қандай?

– Ережеп – жақсылықтың бастауы. Бұл айда игі істер жасап, рухани дайындықты күшейткен адам Шағбан мен Рамазан айларын берекелі өткізеді. Ғалымдар: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан – жаңбырға ұқсайды. Егер Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазанда егін ору мүмкін емес» деген. Сондықтан, бұл айды лайықты өткізу өте маңызды.

– Соңында жамағатқа қандай тілек айтар едіңіз?

– Алла елімізге осы айдың берекесін нәсіп етсін! Жұрт тыныш, ел аман, дініміз бүтін болғай! Барша мұсылман бауырларымызға Ережеп айында көбірек ғибадат етіп, Алланың разылығына бөленуді нәсіп етсін!

– Әмин! Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

 

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *