ҰОС ардагері Ілияс Екібаев Наурыз мейрамымен құттықталды
«Наурызнама» онкүндігін мерекелеу аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше назар аударылды. Биыл сонымен қатар, Жеңіс күніне 80 жыл. Ардагерлердің өмір жолы — ерлік пен қайсарлықтың, жанқиярлық пен адалдықтың айқын үлгісі. Олар бізге тарихты құрметтеп, ата-бабамыздың батырлығын бағалауды үйретеді.
Осы күндері ардагер Ілияс Екібаев ерекше ықыласпен және жылы лебізбен құттықталды. Оған “Рудный кірпіш зауыты” ЖШС директоры Қайрат Жантеміров, №3 жалпы білім беретін мектеп директоры Наталья Шопанова бастаған ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Скаредина мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов арнайы барып, құрмет көрсетті.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, “Рудный кірпіш зауыты” мен №3 мектеп Ілияс Екібаевқа қамқорлық көрсетіп, оған тұрақты қолдау білдіру туралы шешім қабылдады. Бұл — оның елге сіңірген еңбегі мен ерлігіне деген шынайы алғыс пен құрметтің белгісі.
Жасы жүзге жуықтаған ардагер өзінің Наурыз айында дүниеге келгенін айтып, бұл мерекеде өзін туған күн иесі ретінде санайтынын әзілмен жеткізді.
Жасы ұлғайғанына қарамастан, Ілияс Аманұлы рухы мықты, денсаулығы тың. Ол соғыс жылдарындағы оқиғаларды дәлдігімен, егжей-тегжейлі етіп еске алады, әр сәтін көз алдымызға келтіргендей баяндайды. Оның майдан естеліктері — батырлық пен жеңістің символы.
Ардагер жастарға өткенді ұмытпай, тарихқа құрметпен қарауды жиі айтады. Оның әңгімелері — нағыз ерлік сабағы, олар жігерлендіреді, патриоттық сезімді оятады.
Ілияс Екібаев әскерге Қостанай облысы, Таранов аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылды. Радист мамандығын меңгеріп, 1-ші Украин майданының 54-дивизиясы құрамында ұрысқа аттанды. 1943 жылдың наурызынан шілдесіне дейін оның әскери бөлімі Ворошиловград қаласының батысында ауыр қорғаныс шайқастарына қатысты. 1945 жылы бұл дивизия Шығыс Пруссия шабуыл операциясында асқан ерлік көрсетті.
Германия жеңілгеннен кейін Ілияс Екібаевтың әскери қызметі жалғасып, оны Жапон соғысына аттандырды. Тек 1949 жылы ғана туған жеріне оралу мүмкіндігі туды.
Оның ерлігі марапаттармен расталды: «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары және Отан соғысы ордені (II дәрежелі). Бұл орден Рейхстагты шабуылдау кезіндегі ерлігі үшін берілген.
Ардагердің әрбір көзқарасы, әрбір сөзі — ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінің айнасы. Олар — өткеннің тірі куәгерлері, бейбітшіліктің құнын өз өмірімен дәлелдеген жандар.
— Біз туған жерімізді жаудан қорғау үшін жастық шағымызды, бар күш-жігерімізді арнадық. Біз жарқын болашақ үшін күрестік. Тыныштықты сақтаңыздар, бізді ұмытпаңыздар, — деп атап өтті Ілияс Аманұлы.
Ардагерлерге қамқорлық жасау — тарихты ұмытпау, ұрпақтар сабақтастығын сақтау. Олардың еңбегі мен ерлігіне лайық құрмет көрсету — бүгінгі буынның қасиетті борышы.
Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,
суретті ұсынған №3
жалпы білім беретін
мектебі