Өткен жылдың соңына таман «ЭДЕЛЬВЕЙС-АСТАНА» баспа үйі дайындаған «Қазақстанның Алтын кітабына» Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғыны, Рудный қалалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Кәкенов Жақсылық ақсақалдың есімі енгізіліпті.
Тақырыбы да мазмұнына сай – «Жауынгер ұлы» деп беріліпті. Әкесі Кәкен Шоланов сұрапыл соғыс басталған 1942 жылдың мамыр айында әскерге алынып, содан хабар ошарсыз кеткен екен. Ең болмаса естелікке суреті де қалмаған, әке мейіріміне қанбаған Жәкең анасы Рузияның тылдағы «Бәрі де Отан үшін,бәрі де Жеңіс үшін!» деп қайнаған еңбектің ортасында жүріп, аналық парызын адал атқарып, үш қызы мен өзін тістелеп жүріп өсіргенін жыр ғып айтады.
Қаршадайынан қиындықты көп көрген, еңбекпен ерте есейген жас бала алдымен Торғайдағы Ыбырай мектебінен тәлім мен тәрбие алды. Сосын облыс орталығы Қостанайдағы мемлекеттік педагогикалық институтқа жол тартты. Талапты ерге нұр жауар дегендей, ондағы «Тарих және орыс тілі мен әдебиеті» факультетіне оқуға түсіп, оны 1964 жылы ойдағыдай тәмамдап шықты. Елге ерекше шабытпен оралған жас жігіт алдымен Ақсуат, кейін Шилі ауылдарындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, алғашқы еңбек жолын бастады. 1965 жылы Совет әскері қатарына шақырылып, әскери борышын өтеп қайтты. Ол екі ортада аяулы анасы Рузия 1966 жылы көрген көп бейнеттің әсерінен болар, ауырып өмірден озды. Жалындаған жастық жігері алаулап тұрған Жақсылық Кәкенұлы Шилі орта мектебінде мұғалім, директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
1970 жылы Жангелдин аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайланды. Ұзамай Торғай облысының ашылуына байланысты Арқалық қаласына қоныс аударып, облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Облыс орталығы — Арқалық қаласының саяси -әлеуметтік өміріне белсене араласып, еңбегі елеусіз қалған жоқ көптеген құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды. 1988 жылы КСРО-ның «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып, Қостанай облысындағы Денисов аудандық «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. Қоғам отырыстарында әрдайым өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ тілінің қазіргі жай-күйі туралы мағыналы мақалалары аудандық,облыстық газет беттерінде үзбей жарияланып тұрды.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары «Тіл туралы» Заң мен құжаттардың орындалу барысына сараптама жасап,бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына белсенді араласты. Жәкең 1998-2004 жылдары Қостанай облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында абыройлы еңбек жасап, арнайы «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Өмірге деген іңкәрлік пен өнерге деген құштарлық Жақсылық ағамызды «Ақ дариға» ардагерлер хорының әншісі ретінде танытты, ол түрлі деңгейдегі концерттерде халық әндерін насихаттады. Жәкең 2005 жылы отбасылық жағдайымен Рудный қаласына қоныс аударды. 2006-2021 жылдары мемлекеттік рәміздер, тіл мәртебесі, латын әліпбиіне көшу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес,ономастика мәселесі, Наурыз мейрамы, Жастар, «Еріктілер» жылына, Ұлттық домбыра күніне, коронавирус инфекциясына, тағы да басқа тақырыптарға арналған мақалалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, қалалық басылымдарда үздіксіз жарияланып келеді.
Бүгінде Рудный қаласының ардақты ақсақалы ретінде кеңінен танылып, өнерге де етене араласып, «Жадыра» вокалдық тобының белді мүшесі ретінде оның «халықтық вокалдық ансамблі» атағын алуына мұрындық болды. Сахна төрінен жас кезінен өзі сүйіп орындайтын әндерін шырқап, домбыраға әуестігі бар азамат, қалалық ән байқауларына қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Еліміздің ертеңі саналатын оқушы жастарға да тәлім-тәрбие беруден де қалыс қалмай, түрлі деңгейдегі оқу орындарында, кітапханалар мен мұражайларда, мекемелер мен мәдени орталықтарда ұйымдастырылып тұратын жиындар мен конференцияларға, әртүрлі іс-шараларға жиі араласады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2021 жылы Жақсылық Кәкенұлының өмірбаяны мен портреті Рудный қаласының «Достық» саябағындағы ардагерлер аллеясынан құрметті орын алды.
Жәкең ҚР «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды. Қазақ тілі мен мәдениеті және өнерінің шын жанашыры, «Алтын кітаптан» есімі алты Алашқа мәшһүр болған Жақсылық ағамыздың Қостанай өңірінің атын әлі де асқақтата беретініне сенім мол.
Арман Сәбитбекұлы, ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Рудный қаласының құрметті азаматы