Есірткі және бала тәрбиесі

Бүгінгі қоғамның бір дерті – арақ пен ішімдік. Жақсылықтың пердесін арақ бұзып, жамандықтың есігін есірткі ашып жатыр. Арсыздық пен қылмыс та, абыройсыздық пен ұятсыздық та осындай зиянкес дүниелермен келеді.

Рудный қалалық полиция басқармасының есірткімен күрес бөлімінің қызметкерлері мектептердегі ата-аналар жиналыстарына қатысып, «Баламен нашақорлық пен оның зияны туралы қалай әңгімелесуге болады?» тақырыбында сөз қозғады.

Әрбір отбасы баласының есірткі қолданғаны жайлы білген кезде басына жай түскендей сезімде болатыны бәрімізге мәлім. Ересек адам осындай өзіне беймәлім қорқынышты жағдайға душар болған кезде өз бетінше терең ойланбастан қарапайым шешім жасағысы келеді. Басына жай түсіп есеңгіреп тұрған шағында ойлануға да, жүйелі әрекет жасауға да мұршасы келмейді. Ата-ана сол сәтте баласына бір сиқырдың күші көмектессе немесе бір нәрсе берсе сол бәле-жаланың, қорқынышты жағдайдың барлығы кетіп қалатындай және бәрі де бұрынғыдай болатындай көрінеді. Өкінішке орай, бұл жағдай олар ойлағаннан да күрделі. Балаға көмектесу үшін алдымен оның жан дүниесіне үңілу қажет. Бала тәрбиесінде отбасы жалпы қандай қателіктер жіберіп алды және ата-анамен баласы арасындағы қарым-қатынаста нені өзгерту керек? Осы сұрақтарға жауап іздеген жөн. Бірақ та біздің балаларымыз неге есірткі қабылдай бастады деген сұрақтың жауабын ешкім таба алмайтынын білеміз. Әйтеуір ешқандай тұқым қуалаушылық ерекшеліктердің бұған еш қатысы жоқ екенін нақты білеміз.

Нашақорлар қоғамның барлық топтарында, кез келген отбасында, оқу орындарында олардың элитасына қарамай-ақ кездесе береді. Сол себепті жаман жағдайға душар болмас үшін балаларға көңіл бөліп, олардың бос уақытында немен айналысып жатқандығына назар аудару керек.

– Қымбатты ата-аналар! Қандай жағдай болмасын, егерде сіздің балаңыз есірткі қолданып жүргені жайлы сезіктенсеңіз нарколог-дәрігердің кеңесіне жүгінуден еш қорықпаңыз. Дәрігер сізге диагностика жағдайында да, емдеу жағдайында да қандай әрекет жасау керектігіне көмектеседі. Есіңізде болсын, неғұрлым емдеуді ерте бастасаңыздар, балаңызды құтқаруға деген мүмкіншілігіңіз соғұрлым көбірек болады.
Сонымен қоса жасөспірім шақ – ол бала үшін өте күрделі күйзеліс, көптеген балалар бастарынан бұл кезеңді ауыр өткізеді. Тіпті жұмысыңыз көп болған жағдайдың өзінде балаңыз үшін кішкене болса да уақыт табуға тырысыңыз. Балаңыз қандай дербес, өз бетінше әрекет жасай алатын болса да оған сіздің қолдауыңыз бен көмегіңіз өте қажет. Онымен бірге уақыт өткізуге тырысыңыз, киноға барыңыз, пикникке шығыңыз, спортпен шұғылдануына ықтияр жасаңыз. Ең алдымен оны тұлға ретінде танып, сыйлай біліңіз, онымен тең дәрежеде қатынас жасаңыз. Сонда ғана балаңыз сізден еш құпиясын жасырмайтын болады және өз-өзіне деген сенімі ұлғая түседі – деп қорытындылады есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкері полиция капитаны А.Дарбаева.

Алдын алу шараларының аясында тәртіп сақшылары есірткі тақырыбындағы кездесуді жастар ресурстық орталығында да ұйымдастырды.

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ
газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *