«Жайлы мектеп»: Рудныйда құрылыс қарқынды

11 шағын ауданда жаңа оқу ордасы салынып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын.

Бұл тапсырманы орындау үшін мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды ұсынды. Жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен және спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.

Жалпы, 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 мектептің құрылысы жүргізіледі. Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін ұлттық жоба үшін қазынадан 2,3 трлн теңге бөлінген. Осындай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Рудный қаласында жаңа білім ордасының құрылысы басталды. Мемлекеттік тілде оқытатын мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен салынып жатқан бұл нысанның жобасы бес миллиардтан астам теңгені құрайды. Жобаның мердігері – Астаналық «Antarium Group» ЖШС.

Жоба жетекшісі Арман Болатовтың айтуынша, қазіргі уақытта А блогында арматуралау, монолиттік белдеуге бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, В блогында жер жұмыстары, монолиттік жұмыстар жүргізіліп жатыр. С блогында еденді нығайту және бетон қабылдау жұмыстары аяқталуда. Іргетас блоктарын орнату жұмыстары аяқталды. Нысанда 100 адам жұмыс істеп, сегіз техника бірлігі жұмылдырылған. Қазақ тілінде оқытатын бұл мектеп 900 орынға арналған. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 10 600 шаршы метрді құрайды, мектеп аумағының жалпы ауданы – 4,1 га.

Мектеп ғимаратының артында үш спорт алаңы болады: баскетбол, футбол және волейбол алаңдары. Орталық кіреберістен басқа, екі жағында бастауыш сынып оқушылары үшін екі бөлек кіреберіс және ойын алаңдары орналасады. Коммуникацияларды тарту жобасы сараптамадан өтіп, мердігер таңдалды. Келесі аптадан бастап олардың орнату жұмыстары басталады.

Жаңадан салынған мектепке «кілтпен тапсыру» принципі бойынша толық жөндеу жүргізіледі. Барлық техникалық орындар толық жабдықталады, кабинеттерге үстелдер мен парталар орнатылады. Арман Болатовтың айтуынша, олардың міндеті – уақытында сапалы түрде мұғалімдер мен оқушыларды барлық қажетті жабдықтармен және техникамен қамтамасыз етіп, мектепті салу.

«Antarium Group» ЖШС Қазақстан бойынша сегіз мектептің құрылысын қатар жүргізуде. Қостанай облысында Құшмұрында 300 орындық және Рудныйда 900 орындық мектеп салынып жатыр.

Жайлы мектептің ерекшеліктері:

— Мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады.

— Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды.

— Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады.

— Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шаралары орнатылады.

— Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.

— Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады.

— Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі.

— Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.

— Спорт залдар мәселесі шешіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады.

Жалпы 11 шағын ауданда емхана, сауда-ойын-сауық орталығы, 900 орындық мектеп, екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, спорт аренасы, қонақ үй, автоорталық, әкімшілік нысандар салу көзделген.

 

Иван ЛЕЩЁВ,

Суреттерді түсірген Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *