Рудный қаласы прокуратурасының бастамасымен тыйым салынған мазмұнды (есірткі граффитиі) анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілді
Есірткінің таралуы мен тұтынуы азаматтардың денсаулығына қауіп төндіреді. Есірткі қолдану зиян келтіреді, ал аздаған артық мөлшері өлімге әкелуі мүмкін. Қазіргі заманғы технологияларды пайдалы мақсатта да, зиянды түрде де қолдануға болады, оның ішінде әлеуметтік желілер мен қосымшалар арқылы есірткі тарату немесе оларды түрлі орындарға жасыру жолдары бар. Есірткі жасырып салу, сақтау немесе таратуға қатысқандар бас бостандығынан айырылады.
«Есірткіге жол жоқ» республикалық жобасын жүзеге асыру мақсатында қалалық прокуратура қызметкерлері учаскелік инспекторлар және жедел қызметкерлермен бірлесе отырып, граффити орналасқан орындардың картасын құру үшін аулаларды аралап шықты. Көп жағдайда есірткі жарнамалары үйлердің қасбеттерінде кездеседі. Мұндай жарнамалар анықталғаннан кейін қылмыстық іс қозғалады, егер мұндай жарнама бұған дейін тіркелген болса, ол бар істің материалдарына тіркеліп, дереу жойылады.
Рудный қаласы прокуратурасында қаладағы есірткі айналымының алдын алу шаралары туралы баяндалды.
– Қала полиция басқармасымен, әкімдікпен және жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, 150 аула, № 1, 2, 3, 6, 9, 11 және 13 гараж кооперативтері, автобус аялдамалары, сондай-ақ мәдениет және демалыс саябақтары араланды, – деп хабарлады қалалық прокуратура прокуроры Мирас Сарсенбаев. – Рейд барысында үйлердің қасбеттеріне, аялдамаларға және гараждарға салынған жарнамалық граффити анықталды. Бұл фактілер бойынша полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына (есірткі, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтары, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сонымен қатар, граффити-символдармен белгіленген есірткі жасырудың ықтимал орындары анықталып, оларды жою шаралары қабылданды. Биылғы жылы осы мекенжайларды анықтау кезінде екі қылмыстық іс тіркелді. Көбінесе колледж студенттері жеңіл ақша табуды көздеп, есірткі таратуға қатысады, олар мұны өздері де білмей қалады. Олар бұл туралы шамалайды, бірақ көбіне білмедік деп ақталады. Қалада көбінесе «Барлық адамға жұмыс», «Жеңіл, жылдам ақша» секілді граффити түрлері кездеседі. Олар жастарды есірткі таратуға, жасырып салуға тартуға бағытталған. Есірткі жасырып салушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша бес жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Есірткі тасымалына қарсы күрес мақсатында синтетикалық есірткіні жеткізу арналарын жабуға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері ҚК 296 және 297-баптары бойынша 23 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, олардың 14 бойынша кінәлілер жауапкершілікке тартылып, тоғыз іс жүргізілуде.
– Жедел іздестіру шаралары барысында Рудный қаласындағы пәтерлердің бірінде арнайы желдету жүйесі бар синтетикалық есірткі өндіретін нарколаборатория анықталды. Есірткі сатушылар нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған кезде өз әрекеттеріне өкінеді, бірақ кеш болып қалады, – дейді Мирас Сарсенбаев.
Рудный қаласының прокуратурасы қаладағы білім беру ұйымдарында профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде өткізеді. Прокуратура рудныйлықтарды немқұрайлы болмауға, есірткі бизнесіне қарсы күреске белсене қатысуға және есірткі жарнамасының анықталған фактілері туралы полицияға 102 немесе Қостанай облысының кезекші прокурорының 115 нөміріне дереу хабарлауға шақырады.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
қалалық прокуратура