ЖАРЫҚТЫҢ ЖАСЫЛ ТҮСІ ЖАНҒАНДА

Рудныйда ескі үлгідегі он бағдаршам қалды. Оларды жаңасына ауыстыру биыл жоспарда жоқ


Жыл санап қатары артқан автокөліктердің қозғалысын реттеу үшін әртүрлі жол белгілері қолданылады, бірақ бұл мәселеде бағдаршамдар маңыздырақ рөл атқарады. Тиісінше, олар істен шықса, жол-көлік оқиғасының орын алу қаупі бар.

Қуанышқа орай, 40 лет Октября көшесінде бағдаршамның дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан апат болған жоқ. Бірнеше күн бойы (6 ақпаннан бері) бағдаршам тақтасында сегіз санының жанып тұрғанын Рудный тұрғыны @rudnyidauysy Instagram парақшасына хабарлап, суретін ұсынған болатын.

Дүйсенбі күні қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әлмереков мәселе сол күні түзетіледі деп сендірді. Сөйтіп, түс ауа бағдаршам қалыпты режимде жұмыс істей бастады.
Біз осы сәтті пайдалана отырып, қаламызда бағдаршамдардың жағдайы қалай, атап айтқанда, оларды күтіп ұстаумен кімдер айналысады, жаңасын сатып алу жоспарда бар ма, жоқ па, соны білуді жөн көрдік.

– Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Рудный қаласындағы бағдаршамдарды ұстауға жалпы сомасы 16 млн 670 мың теңгеге ашық конкурс жарияланды. Ашық конкурстың қорытындысы шығарылғанға дейін қаладағы бағдаршам нысандарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын «ЭлСтрой» ЖК мердігер ұйымы жүргізіп жатыр, – деп жауап берді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы м.а. Ерлан Әлмереков.

Сондай-ақ ол Рудный қаласында 70 бағдаршам бар екенін, оның 60-ы жаңа үлгідегі және 10-ы ескі үлгідегі бағдаршамдар Ленин-Топорков, 40 лет Октябрь-Топорков көшелерінің қиылысы мен Комсомол даңғылының бойында орналасқанын айтты.

– 2022 жылы Рудныйда жаңа бағдаршамдарды жөндеуге және орнатуға қаражат бөлінген жоқ», – деп түйіндеді сөзін Ерлан Әлмереков.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *