Жастар экология тақырыбында пікірсайыс алаңында бас қосты

Рудный қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында пікірсайыс турнирі өтті.

Бұл экологиялық бағдарлама еліміздің барлық аймақтарын қамтып, азаматтардың экологиялық санасын арттыру мен қоршаған ортаны ластанудан қорғауға бағытталды. Акция өз бастауын алғаннан бері мыңдаған еріктілер, экологиялық ұйымдар, жергілікті билік мекемелері мен қарапайым азаматтар экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосуда. Барлық аймақтарда сенбіліктер, аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу және қалаларды көгалдандыру шаралары ұйымдастырылуда.

Іс-шара «Жастар ресурстық орталығы» базасында өтіп, қала студенттері мен мектеп оқушыларынан құралған пікірсайысшылар өздерінің дәлелдеу және қоғамдық сөйлеу шеберлігін көрсетті.

Турнирінің негізгі мақсаты тек жастардың риторикалық қабілеттерін дамыту ғана емес, сонымен қатар экологиялық білімді арттыру болды. Қатысушылар экологияның маңызды мәселелерін талқылап, олардың шешу жолдарын ұсынуды үйренді. Іс-шара барысында табиғатты қорғау, қалдықтарды басқару, табиғи ресурстарды сақтау сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Бұл шара қоршаған ортаны жақсартуға әрбір адамның қосатын үлесі туралы пікір алмасу алаңы болды.

«Біз жастардың интеллектуалды қабілеттерін дамытуға ғана емес, сонымен қатар экология мәселелері туралы білімдерін арттыруға тырысамыз. Жастар – бұл ғаламдық мәселелерді шешуге маңызды үлес қоса алатын ресурс», – деп атап өтті турнир ұйымдастырушысы.

Турнир Рудный қаласының колледж студенттері мен мектеп оқушыларының назарын аударды, көптеген қатысушылар турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және пікірсайыс барысында көтерілген тақырыптардың маңыздылығын атап өтті.

«Осындай іс-шаралар жастар үшін өте маңызды, өйткені экология – бұл тек үлкен қалалардың мәселесі емес, сонымен қатар біздің табиғатты сақтау жөніндегі жеке жауапкершілігіміз. Біз Президенттің бастамасын қолдай отырып, тек осындай іс-шараларға ғана емес, сондай-ақ сенбіліктерге де қатысудамыз. Бұл турнир тек қызықты емес, сондай-ақ білім беретін шара болды, ол бізді экология мәселесіне қалай әсер етуге болатынын ойлануға мәжбүр етті», – деді Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті Бейбіт Серікбай.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте халыққа арнаған дәстүрлі жыл сайынғы жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын жүзеге асыруға айрықша назар аударды. Ол акцияның жыл бойы жалғасуы тиіс екендігін атап өтті. Сонымен қатар, тазалық пен тәртіпке деген ұмтылыс ұлттық мінездің бір бөлігіне айналуы керек екендігін айтты, бұл қасиеттер қонақжайлылық пен мейірімділік сияқты елдің дәстүрлі құндылықтарымен қатар болуы тиіс. Ел басшысы үкімет пен облыс әкімдеріне экологиялық білім мен тазалықты күнделікті өмірдің негізіне айналдыруды міндеттеді.

«Таза Қазақстан» акциясының өңірлерде сапалы жүзеге асырылуы үшін аймақ әкімдері тікелей жауапты. Олар азаматтарға оның маңыздылығын дұрыс түсіндіріп, жұмыстарды дұрыс ұйымдастыруы тиіс. Әкімдер тек шаруашылық мәселелерімен айналыспай, қоғам мен мәдени-рухани өмір мәселелеріне де назар аударулары керек. Әрбір басшы азаматтармен тығыз байланыс орнатып, сенімді диалог құруы қажет. Осылайша, халық оның бастамаларын қолдап, ел үшін пайдалы істерге үлес қосады. Бұл – әкімдердің беделінің көрсеткіші», – деді Тоқаев.

Турнирдің соңында жеңімпаздарға лайықты марапаттар табысталып, қатысушылар ұйымдастырушыларға өздерінің қабілеттерін көрсетіп, туған еліміздің экологиясын қорғауға үлес қосуға мүмкіндік бергені үшін алғыстарын білдірді.

 

Асем БАЙКАНОВА,

суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *